«Ақшамызды өтемақысымен қоса қайтарсын»: Алматыда үлескерлер нақты талап қойды
Ал үлескерлердің ақшасы кері қайтарылатыны, үстеме беріле ме, жоқ па, барлығы сотта белгілі болады
«Ақшамызды өтемақысымен қоса қайтарсын». Алматыдағы «Весновка» және «Үшқоңыр» тұрғын үй кешені үлескерлерінің ендігі талабы осы. Ақыры пәтерге қол жеткізе алмаған тұрғындар, қаражатымызды 20 пайыз үстемемен берсін дейді. Өйткені бастапқы жарна төлеу үшін несие алғандар қарызға белшесінен батқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Ал құрылысқа жауапты КВ Development және «Лидер групп» компаниясының алты қызметкері қазір қамауда отыр. Атышулы «Весновка» мен «Үшқоңыр» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері осы жолы үйлі боламыз деген үмітін үзген. «Тырнақтап жиған ақшамызды нағыз алаяқтарға ұстатыппыз» деп қапалы. Өйткені үш жылдан бері қолына тиген не пәтер кілті, не қайтарып алған қаражаты жоқ. Тіпті күннен-күнге қарызға шаш етектен батып жатқанын айтады.
«Мен өз басым ақшаны құятын кезде көп адамнан қарыз алдым. Желтоқсанда беретін кезде және де күйеуіміз екеуіміз бірігіп несие алдық. Желтоқсанның аяғында үйімізді алу керек болдық. Бірақ құрылыс әлі жүріп жатты. Біз сату бөліміне барған кезде, бізге: «жоқ сендер пәтер алмайсыңдар, өйткені біз «Лидер группен» шартты бұздық деді», - дейді үлескер Салтана Мүбәракова.
Мәселе осы сатумен айналысатын «Лидер групп» пен құрылыс компаниясының арасындағы келісім үзілгеннен кейін туындаған. Яғни кезінде үйді сатқандар барлық үлескерден жиналған ақшаны мердігерге өткіздік деуден таңбайды. Ал қаражатты қайтаруға құлықсыз құрылыс компаниясы баспанаға қол жеткізгісі келетіндерге жаңа талап дайындап қойған.
Мәселен, «Үшқоңыр» тұрғын үй кешені қолданысқа берілуге дайын. Бірақ компания басшысының атына түскен арыз бойынша екі жылдан бері бұғат қойылған. «Весновка» тұрғын үйнің құр қара қаңқасы тұр. Ары-бері жүгіріп шаршаған жұрт енді қаражатының кері қайтқанын қалайды. Яғни үлескерлердің қорғаушысы пәтерге деп құйған соманы өтемақысымен қосып төлеуін талап етуде.
«2021 жылы үйді сату туралы жарнаманы шығарып, барлық адамнан ақша жинап алған. Сол уақыттан бері тұрғындар қомақты соманы депозитте сақтаған болса, пайыздық мөлшерлемесі көтерілер еді. Азаматтық кодекске сай, мердігердің, не сатумен айналысатын агенттіктің кесірінен егер келісім жүрмеген жағдайда екі есе көлемінде шығынды өтеу көзделген. Құрылыс компаниясы өзіне дұрыс агенттік таңдай алмағанына халық кінәлі емес. Сол себепті екі ортада үлескерлер зардап шекпеуі тиіс», - дейді адокат Мария Ян.
Қорғаушы қос компанияның қызметкерлері қамауға алынса да, ғаламторда үйді сату туралы жарнама әлі тұр дейді. Яғни сатып алу тәртібі де баяғыдай. Тек бастапқы жарна 20 пайызын төлеп, қалған қаражатты үй пайдалануға берілгеннен кейін төлесе болатыны көрсетілген. Қазір ұсталғандарға қатысты полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын айтады.
«Аталмыш дерек соталды бірыңғай реестрде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-тармағы бойынша тіркеліп, қазіргі таңда өндірісті Алматы полиция департаменті тергеу басқармасы жүргізілуде. Жүзге жуық жәбірленушілер бар бұл қылмыстық іс аясында. Сезікті алты адам қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр», - деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Яғни істің сотқа жолдануына аз қалыпты. Егер күдіктілер кінәлі деп танылса, 7 жылдан аса бас бостандығынан айырылулары мүмкін. Сондай-ақ, үлескерлердің ақшасы кері қайтарылатыны, үстеме беріле ме, жоқ па, барлығы сотта белгілі болады.