Бішкекте ғимараттарға жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламалар саны артуда
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, хабарламалар таратқан аккаунтар Украина мен Ресей аумағында тіркелген

Бішкектің құқық қорғау органдарына ғимараттарға мина қойылған туралы жалған ақпараттар әлі де түсіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy 24.kg-ке сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Қырғыз мемлекеттік заң академиясының аумағы қоршауға алынды. Бомба туралы хабарлама бүгін медицина академиясына да түскені белгілі. Оқу орнының ректоры Индира Құдайбергенова жарылғыш құрылғы туралы ақпарат шамамен 13.30-да түскенін айтқан.
«Барлық студенттер мен қызметкерлер эвакуацияланды. Бұл жерге полиция келді, ғимарат қоршауға алынды. Бомба туралы хабарламаның жалған екендігі анықталғаннан кейін, бәрі ғимаратқа қайта кірді», - деді ол.
Еске сала кетейік, бүгін Бішкек білім беру мекемелері, мемлекеттік және жекеменшік мектептер мен жоғары оқу орындарына бомбалар қойылғаны туралы бірнеше хабарлама алды.
Телефон арқылы түсетін мұндай хабарлама террористерінің алғашқы шабуылы емес. Осыған ұқсас хабарламалар Бішкекте 20 қаңтарда, 22 наурызда және 18 сәуірде де келіп түскен. Бұл шабуылдардың ұйымдастырушылары әлі табылған жоқ. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, хабарламалар жіберілетін аккаунттар Украина мен Ресей аумағында тіркелген.