Заңсыз құрылыс салушылар үлескерлерге 30 млрд теңге шығын келтірген
Қадағалау органында соңғы екі жылда 20 қылмыстық іс тіркеліп, 16 адам сотталғаны аталды

ҚР Бас прокуратурасы жосықсыз құрылыс салушыларға байланысты қадағалау органында соңғы екі жылда тергеу органдарымен 20 қылмыстық іс тіркелгенін жеткізді. Осы факті бойынша 16 адам сотталған. Заңсыз құрылыс салушылар азаматтарға 30 млрд теңгеден астам шығын келтірді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен үлестік құрылыстың проблемалық мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңесте жосықсыз құрылыс салушылар азаматтарды төмен бағамен желіктіріп, оларды алдап соғып жатқаны айтылды. Нәтижесінде үлескерлер ақшасыз және баспанасыз қалып жатыр.
Қадағалау органында соңғы екі жылда 20 қылмыстық іс тіркеліп, 16 адам сотталғаны аталды. Олар 30 млрд теңгеден астам шығын келтірген. 300-ден астам компания заңсыз алымдар үшін 250 млн теңге айыппұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар қазір елімізде 44 үйді салынып бітіп қалды. Олардың көпшілігі елордада (16 тұрғын үй) және мемлекет есебінен қаржыландырылуда.