Шымкент қаласы аудан әкімінің орынбасары аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Әкімнің орынбасары 2 ай мерзімге қамауға алынды

Фото ашық дереккөзден

Шымкент қаласы аудан әкімінің орынбасары аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық аудан әкімінің орынбасары мен әкімдіктің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы мегаполисті абаттандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу келісім шартын орындау кезінде кәсіпкерден қамқорлығы үшін 60 млн. теңге мөлшерінде пара алды деп күдіктелуде.

«Шымкент қаласы сотының санкциясымен әкімнің орынбасары 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз болып саналады», - деп жазды Дәурен Ерғарин.