Жамбыл облысында 3 мыңнан аса шаруаға суармалы су 4 есе қымбат бағаға сатылып келген

Автор: Azattyq Rýhy

«ҚазСушар» мекемесінің мамандары заңсыз су саудасын білмедік деп ағынан жарылды

24.kz

Жамбыл облысында 3000-нан аса шаруаға суармалы су 4 есе қымбат бағаға сатылып келгені анықталды. Байзақ ауданының прокурорлары бұл заңсыздық аймақта ондаған жылға жалғасқанын дәлелдеп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Байзақтық диқандарға су бағасын еселеп сатқан 7 ауыл шаруашылық кооперативі екені анықтады. Олар шаршы метрі 70 тиын деп бекітілген суармалы суды 3 жарым есеге қымбаттатқан. Мәселен министрлік бекіткен тариф бойынша, бір маусым бойы 1 гектар жоңышқаны суаруға 16800 текше су қажет. Құны 11 мың теңге болатын тіршілік нәрін заңсыз делдалдар 40 мың теңгеден саудалаған. Солайша қыруар қаржыны қалтаға басқан.

«Бір шаруа қожалық 28 шаруа қожалықтың егістік жерлеріне 417 гектарға бір суарғанынан 1 гектарына 8 мың теңге траифпен су сатып отырған. Ол Қазсушарға 1,5-2 млн көлемінде ғана ақша төлеген. Ал өзінің табысын есептесек, 13 миллион көлемінде табыс тапқан», - деді Байзақ ауданының прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы.

Құрбан Ауытов - 20 жылдан бері несібесін жерден тауып жүрген шаруа. 36 гектардың жартысына көкөніс ексе, қалған егістік алқапқа жем-шөп өнімдерін орналастырған. Бірақ сан жылдан бері су бағасына артық төлеп жүргенін енді ғана аңғарыпты. «Енді баға түссе, бәрімізге оңды болар еді», - дейді.

 Суға жауапты «ҚазСушар» мекемесінің мамандары заңсыз су саудасын білмедік деп ағынан жарылды. Прокурорлар анықтаған соң, тек жауапты маманды тәртіптік жауапкершіліке тарту үшін, тиісті ведомствоға ұсыныс жолдаған.

 «ҚазСушар тарапынан СПК-лар шаруа қожалықтарына судың бағасы жоғары сатылатын болса, біз қосымша келісімшартта көрсетілген заң бұзушылықтар бұзылатын болса, сол жауапты жұмыскерлер жұмыстан босайды. Заңды жағынан біз прокуратураға жазамыз. Ол негізі суды ұрлағанмен тең болып саналады», - деді «ҚазСушар» РМК облыстық филиалының бас маманы Бағдат Бейсеқұлов.

Тексерістен соң шаруа қожалықтар «Қазсушармен» тікелей келісімшартқа отырады. Солайша суармалы суды егістікке дейін өз бағасына алады. Айта кетерлігі, осыған ұқсас жағай Шу ауданында да тіркелген. Ол жақта 1400-ден аса диқан су үшін артық ақы төлегені белгілі болды.