Ақтөбе облысында 17 ауыл әлі де жарықсыз отыр

Azattyq Rýhy

Жарықсыз қалған ауылдарда әлеуметтік маңызы бар нысандарға генератор қосылған

Ақтөбе облысында 17 ауыл әлі де жарықсыз отыр
Фото ашық дереккөзден

Ақтөбе облысында 17 ауыл әлі де жарықсыз отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасы басшысының орынбасары Нұрберген Бекеев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«17 елдімекенде жарық жоқ. Атап айтар болсақ, Әйтеке би ауданында 1, Қобдада 1, Мәртөкте 5, Хромтауда 5, Ырғызда 3, Шалқар ауданында 2 ауылға электр тогы әлі берілмеді. Бригадалар жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек желілерді қарап, қандай да бір қосымша ақау бар-жоғын тексеруге алды. Қалпына келтіру жұмыстарын неге ұзап кетті дегенге келер болсақ, жол нашар. Көлік жете алмай, батып қалып жатыр. Әсіресе Хромтау ауданында. Онда көршілес Қарғалы ауданы мен Ақтөбе қаласынан бригада барып, көмектесті. Бағаналар құлап, сым үзілген. Құлаған бағананы қайта орнату үшін кранмен барады. Мәртөк, Қобда, Хромтау аудандары бойынша бүгін кешке дейін бітіруге күш салады»,- деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрберген Бекеев.

Жарықсыз қалған ауылдарда әлеуметтік маңызы бар нысандарға генератор қосылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.