Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының жобасында ескертулер мен ұсыныстар ескерілді
«Ашық НҚА» порталына құжатты талқылау жүргізіледі
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында ескертулер мен ұсыныстар ескерілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Құжат жобасын әзірлеу кезінде тіл саясаты мәселелері бойынша кешенді әлеуметтанушылық және талдамалық зерттеулердің қорытындылары қаралды, талданды және қабылданды.
Тұжырымдаманы іске асыру елдегі тілдік ахуалдың әлеуетін және оның қоғамдық-саяси, әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесін арттыруға, өңірлік деңгейде өзекті мәселелерді шешуге, оның ішінде тілдік кемсітушіліктің алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асыруға ықпал ететін болады.
Құжат жобасында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі де жан-жақты қарастырылған. Әліпбидің бастапқы нұсқаларын әзірлеу кезінде туындаған мәселелер және оларды шешу жолдары талданған. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңмен жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, «Ашық НҚА» порталына орналастырылған жоба түпкілікті емес екенін атап өткен жөн.
Құжатты талқылау қорытындысы бойынша халықтың пікірі ескеріле отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Жоба мәтінімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады.