Фермерлер неліктен тыңайтқыштарға субсидия ала алмай отыр – АШМ жауабы
Өтінім беру үшін субсидиялардың тізбелері мен нормаларын бекіту қажет
Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің неліктен тыңайтқыштарға субсидия ала алмай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министрлік мәліметінше, ережеге сәйкес, gosagro.kz порталында минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінімдер қабылдау 1 ақпаннан 1 желтоқсанға дейін, ал пестицидтерді субсидиялау 1 сәуірден 1 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.
«Өтінімді беру үшін жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың қаулыларымен бекітілетін субсидиялардың тізбелері мен нормаларын бекіту қажет. Бүгінгі таңда тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасы бойынша өтінімдер тек Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Павлодар және Түркістан облыстарында қабылданады және төлемдер жүзеге асырылады. Алдағы күндері Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында өтінімдерді қабылдау басталады», - делінген АШМ хабарламасында.
Ведомство қалған өңірлерде әкімдіктер әлі қаулыларды қабылдамағанын мәлімдеді.
«Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасын ашуға келетін болсақ, бүгінде Қостанай облысының әкімдігі ғана тиісті қаулы қабылдады, 18 сәуірден бастап осы өңірде өтінімдерді қабылдау басталады. Бұл ретте, министрлік нормаларды осы жылдың ақпан айында келіскен болатын», - делінген хабарламада.
Осылайша, субсидиялау бағдарламаларын іске қосудың жалғыз тежеуші факторы - жергілікті атқарушы органдардың бекітілген қаулыларының болмауы болып отыр.