Ақылы жолдардан екі айда 600 млн теңге түскен

Автор: Azattyq Rýhy

Былтыр ақылы жол учаскелерінен 5,4 млрд теңге жиналған еді

Фото: баспасөз қызметінен

2020 жылдың 2 айы ішінде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол учаскесінен түскен қаражат 643,1 млн теңгені құрады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Оның ішінде республикалық маңызы бар «Нұр-Сұлтан-Теміртау» тасжолынан 215,5 млн теңге, «Нұр-Сұлтан-Шучинск» тасжолынан 167 млн теңге, «Алматы-Қапшағай» жолынан 140,1 млн теңге, «Алматы-Қорғас» жолынан 120 млн теңге жиналған», - деп жазылған хабарламада.

Өткен жылдың қорытындысында ақылы жол учаскелерінен 5,4 млрд теңгені жиналғанын айта кету керек. Оның 3,8 млрд теңгесі – ақылы жолдарды күтіп ұстау шараларына, 1,6 млрд теңгесі – төлем алу жүйесіне қызмет көрсету шараларына жұмсалған.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында инвестициялық конкурстың қорытындылары бойынша жолдардың 11 мың шақырымында төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау туралы құжатқа қол қойылды. Келісімге сәйкес биыл реконструкциядан өткен 5,7 мың шақырымдық жол учаскелерінде төлем алу жүйесі орнатылады деп жоспарланып отыр. Жолдардың қалған 5,3 мың шақырымы 2024 жылға дейін реконструкциялау шараларының аяқталу мерзіміне байланысты ақылы жүйеге көшірілмек. Осылайша, ол жолдардың күтіміне бюджеттен қаражат бөлінбейді.