«Балтамен сыныптастарына шабуылдады»: СҚО мектептеріндегі қауіпсіздік күшейтіледі
Бұл мақсатқа облыстық қазынадан 230 миллион теңге жұмсалмақ

Солтүстік Қазақстандағы білім беру ошақтарында қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте болған оқиғадан кейін ғана бұл мәселе назарға алынды. Естеріңізге сала кетсек, мектепке балта мен пышақ ала барған жасөспірім 3 оқушыны жаралаған еді. Екеуі бір айға жуық уақыт ауруханада емделіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қазір жапа шеккен балалар үйде, қашықтықтан білім алып жүр. Ал 15 жастағы күдікті 2 айға қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Баланың бойында психологиялық ауытқуы бар екені анықталды. Ол бірнеше ай бойы емделіп, сабаққа бармаған. Көпшілікті дүрліктірген оқиғадан кейін күдікті баланың сынып жетекшісі мен директордың орынбасарына сөгіс жарияланды. Ал мектеп басшысы дәл сол күні еңбек демалысында болған. Бір мектепті 25 жыл бойы басқарып отырған Ғафура Бөстекова ешқандай жауапқа тартылған жоқ.
Енді өңірдегі 98 білім беру мекемесінде арнайы мамандандырылған күзет жұмыс істейтін болады. Бұл мақсатқа облыстық қазынадан 230 миллион теңге жұмсалмақ. Мамандардың айтуы бойынша, олардың қатарында балабақша, мектеп және колледждер де бар. Бұдан бөлек аталған нысандарға қосымша турникеттер орнатылады. Оған қосымша қаржы бөлінбек.
«Конкурстық процедуралар өтті. Скудқа тағы қосымша 65 млн теңге ақша бөлінді. Барлық мектептерде мамандандырылған күзет жұмыс істейді, турникеттер іске қосылады. Балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі біз үшін бірінші орында», - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Жұрттың жағасын ұстатқан оқиғадан кейін өңірдегі барлық мектептер тексерілді. Алайда құзырлы органдар оның нәтижесін жарялаған жоқ.