Қазақстанда асыраушысынан айырылғандарға төленетін төлемдер артады

Azattyq Rýhy

Қаулы 1 шілдеден бастап қолданысқа енуі мүмкін

Қазақстанда асыраушысынан айырылғандарға төленетін төлемдер артады
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдерді арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген қаулының жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.

«Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 11-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. 2023 жылғы 1 шілдеге дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтік төлемдердiң мөлшерiн 2023 жылғы 1 шілдеден бастап алатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерінен 14,5 пайызға арттыру жүргізілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ 2023 жылғы 1 шілдеден ерте емес қолданысқа енгізіледі», - делінген жобада.

Қаулы жобасын қоғамдық талқылау 13 сәуірге дейін жалғасады.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне биылғы 1 қыркүйектен бастап осы санаттағы адамдарға берілетін жәрдемақыны 14,5 пайызға арттыруды тапсырған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.