Оңтүстік Кореядан Нұр-Сұлтанға ұшып келген 100-ге жуық адам карантинге жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұшақта өзге елдің азаматтары да болған

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі бүгін сағат 16:00-де Нұр-Сұлтан әуежайына Сеул қаласынан 178 адам мінген ұшақ келіп қонғанын хабарлады. Олардың жартысынан астамы – қазақстандықтар.

«Олардың 85-і – транзитті жолаушылар. Атап айтқанда, 31-і Ресей Федерациясының өкілдері, 51-і Өзбекстан азаматтары және 3-і Грузия азаматтары. Қазақстандықтар – 93 адам. Араларында 2 бала бар», - деді Д. Ахметшәріп.

Қазақстандықтар Нұр-Сұлтан маңындағы көпсалалы медициналық мекемеге 14 күнге карантинге жатқызылмақ. Ал, өзге ел азаматтары әрі қарай өз елдеріне ұшады.

Жалпы, ҰҚК шекара қызметінің мәліметінше, Қазақстанға жыл басынан бері 1 млн 736 мың 462 адам келген. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 992 мың 623 адам кірген.

Ал, 6 қаңтар мен 5 наурыз аралығында Қытайдан 33 мың 124 адам келіпті.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 20 ақпан мен 6 наурыз аралығында коронавирустың алдын алу бойынша бірінші санаттағы елдерден келгендердің бәрі карантинге жатады. Бүгінде Қытайдан келіп ауруханаға жатқызылғандардың 81-і – Қазақстан, 280-і – Қытай азаматы. Ираннан келіп, карантинге жабылғандардың 47-сі – Иран азаматы, 17-і – қазақстандық. Ал, Оңтүстік Кореядан келген 312 адамның 265-і өз отандастарымыз. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан