$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстау облысында мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап еткендер жолды жауып тастады

Қарақия ауданының әкімдігі олардың бұл талабын негізсіз деп түсіндірді

Маңғыстау облысында мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап еткендер жолды жауып тастады
фото. mangystaumedia.kz

Маңғыстау облысында Жетібай ауылының бір топ тұрғыны мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп алдымен әкімдіктің алдына жиналып, кейін жолды жауып тастады. Бұл туралы Azattyq Rýhy mangystaumedia сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

27 наурыз күні сағат 10.40-та Жетібай ауылының 50-ге жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап етіп, ауыл әкімдігінің алдына жиналған.  

Жиналған азаматтармен Жетібай ауылының әкімі Н.Елбаев кездесті. Жергілікті атқарушы органдар тарапы мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мұнай компанияларындағы бос жұмыс орындарына сәйкес жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Алайда, азаматтар тез арада жұмысқа орналастыруды талап етіп, заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырып, Жетібай №6 мұнай кәсіпшілігіне апаратын жолды жауып тастады. Қоғамдық тәртіпті бұзып, көліктер мен адамдардың жүріп-тұру еркіндігін шектеді.

Қазіргі таңда Қарақия ауданының әкімі Қ.Беков пен Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Шопанов заңсыз наразылық акциясына қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Аудан әкімі Қыдырберді Беков түсіндіру жұмыстарын жалғастыру үшін жиналғандарды Жетібай ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратында шақырып, жергілікті атқарушы органдардың халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешу бағытында жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Қыдырберді Бековтың айтуынша, жиналған тұрғындардың талаптары негізсіз. Себебі, ауданның барлық тұрғынын бір мезгілде мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Сонымен қатар Жұмыспен қамту орталығы ұсынып отырған барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қарақия ауданының жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар қатарынан 3 349 адам жүгінді. Оның ішінде 2 938 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Барлығы 1 909 адам жұмысқа орналастырылды, жұмыспен қамтудың басқа да белсенді шараларымен 1029 адам қамтылды.

Серіктес жаңалықтары