Қарағанды іргесіндегі саяжай тұрғындары үш ай бойы жарықсыз отыр
Тұрғындар ұрлады деген тоқтың миллиондарын даулап соттасуға да әзір
Қарағанды іргесіндегі саяжайда тұрып жатқан жұрт үш айдан бері жарықсыз отыр. Саяжай қауымдастығы электр энергиясын сол жерде орналасқан қоқыс өңдеу зауытынан алады. Аталған мекеме тұрғындарға тарифті қалауынша қойғаны өз алдына, аракідік миллиондаған сомаға түбіртек беріп төлеткізеді. Әйтпесе жарықты сөндіре салады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар зауытқа қарамай, қаладағы жарық жүйесіне қосуды көп жыл бойы айта-айта шаршаған. Беляковтар отбасы жаңа 2023 жылды қараңғыда қарсы алды. Кейін қарызданып жүріп генератор сатып алған. Оның өзін күніне екі рет қосу үшін жанармайға 4 мың жұмсайды. Күн түсе қалса, перде түріп тірлік ететін үйдің баласы да қараңғыға әбден үйренген.
«Алғашында 1 миллион 1 жүз мың теңге деді. Одан кейін миллионға түсірді. Ойына келген бағаны айтады. Біз төлей алмаймыз дедік. Өшіріп тастады. Ылғи осы, айтқанын істетіп үйреніп алған. Осы жолы шыдамымыз таусылды. Жағдайымыз да жетпейді. Қараңғыда отырмыз», - дейді Қарағанды тұрғыны Василий Беляков.
Саяжайдағы жарықсыз отырған тұғындар қоқыс өңдейтін зауыттың құқайына енді шыдау мүмкін емес дейді. Сан рет арыз айтып бармаған жері жоқ. Ал тоқты заңды тұлға ретінде сатып алып отырған мекеме өзінен артылғанды кімге, қанша беретіні өз еркінде екен.
Шенеуніктер қала іргесіндегі бірнеше саяжай қауымдастығын бұрын қаланың жарық жүйесіне қосқан. Одан кейін бұл жұмысқа қаржы қарастырылмай тұралап қалыпты. Биыл бұл мәселені қайта қолға алғанын айтады.
«Қарағанды жарықтың» электр қуаты жүйелері бар. Олар бізге техникалық жағдайын беріп тұр. Соған біз қосылып жоба жасаймыз. Электр бағаналары қойылады, сым тартылып, КТП орнатылады. Содан кейін жекеменшік қауымдастық қосылуға болады. Мамыр, маусым айында жобаны бітіру керек, Күзге дейін, қысқа дейін жұмысты бітіру қажет», - деді Қарағанды ТКШ бөлімінің маманы Жанболат Тоқмұрзин.
Дегенмен күзге дейін де тіршілік керек. Ал қоқыс өңдеу зауыты 100 шақты үйі бар саяжайға жарықты әлі бермей отыр. Тұрғындар ұрлады деген тоқтың миллиондарын даулап соттасуға да әзір. Дегенмен шенеуніктер осы аралықта зауыттан тұрғындарға уақытша болса да жарық беруді сұраймыз деп отыр.