Бұл туралы Suleimen Promotions командасы желідегі парақшасында жазды
Кәсіпқой бокстан екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Сауль «Канело» Альварес Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен қазақ тілінде құттықтады. Бұл туралы Suleimen Promotions командасы желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әлемге әйгілі боксшы, абсолютті чемпион, досымыз Сауль (Канело) Альварес Қазақстан халқын көктеммен бірге келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады. Ал Suleimen Promotions командасы өз кезегінде қазақы дәстүр бойынша боксшыға құрмет көрсетіп, шапан жапты, сый-сияпат көрсетті», - делінген желідегі жазбада.
Канело да Қазақстан халқын қазақ тілінде құттықтап: «Наурыз мейрамы құтты болсын, Қазақстан! Сіздерді көргеніме өте қуаныштымын! Мен барлығыңызды құшақтаймын!» - деді.