Бұл сайлаудың еркін өткені сөзсіз – Ресей Федерациясының бақылаушылары

Автор: Әйгерім Ердәулет

Миссия құрамы Алматыдағы 10 сайлау учаскесін аралап шықты

Ресей Федерациясынан келген байқаушылар миссиясының құрамындағы сарапшылар Алматыдағы сайлау барысына дайындықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Миссия құрамы Алматыдағы 10 сайлау учаскесін аралап шықты.

«Біздің миссия тағайындалған күннен бастап сайлау барысын жіті бақылап отырды. Біз сайлау комиссиялары мен сайлаушылардың бұл науқанға қаншалықты дайын екенін көрдік. 10-нан астам учаскені араладық. Осынша мөлшердегі тәуелсіз, ішкі қазақстандық байқаушыларды көптен бері барлық сайлау учаскесінен көрмеген едік. Ең азы 9 адам, бір учаскеде 25 адам болды. Бұл тек партиялардан, кандидаттар атынан болған байқаушылар», - деді Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығының консул-кеңесшісі Артем Оганов.

Сайлау барысына МГИМО (РФ) халықаралық зерттеулер институты Еуроазиаттық зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері Князев Александр Алексеевич жоғары баға берді. Сарапшы дауыс беру қорытындысы сайлау барысынан әлдеқайда маңызды деген пікір білдірді.

«Менің ойымша, сайлаудың өзінен де маңыздысы – оның нәтижесі. Бұл – Парламенттің жаңа палатасын құру. Оның құрамы бұрынғысына қарағанда Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларға көбірек сәйкес келеді», - деді ол.

Сарапшылардың ойы бір жерден шығып, олар сайлау үдерісінің ашықтығын және сайлау комиссиялары біліктілігінің жоғары деңгейін атап өтті.