62 елде 77 сайлау учаскесі жасақталған
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанынан 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі құрылған болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Дауыс беруге қатысу үшін белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік пен туристік мақсатпен жүрген және ҚР азаматының жарамды паспорты бар Қазақстанның азаматтары сайлау учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгініп, тізімге қосылуы тиіс.
Шетелдегі барлық сайлау учаскелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дәстүрлі түрде шетелдегі сайлау учаскелерінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының дауыс беру барысын жария ету жұмысын жүзеге асырды.
Ең бірінші болып шетелдегі қазақстандықтар Корея мен Жапонияда дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.
Сеулде №258 және Токиода №261 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де дауыс беру үшін бірінші болып ашылды.
Осылайша, Қазақстанның Корея мен Жапониядағы азаматтары ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру құқығын алғашқылардың бірі болып пайдаланды.
Сеул қаласында сайлауда дауыс берген алғашқы ҚР азаматы курсант Елнұр Асанов болды.
«Мен бұл сайлау еліміз үшін экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады деп күтемін. Трансформация біздің мемлекетіміз үшін қажет, ол елдің дұрыс бағытта дамуына қуатты серпін береді деп сенемін. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде азаматтық борышымды орындап, өз үлесімді қосқым келеді. Еліміз нығайып, өркендеуін тілеймін!» - деді Асанов.
Атап өтсек, Бейжің, Шанхай, Гонконг, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр қалаларында дауыс беру учаскелері жұмысына кірісті. Жакарта, Бангкок пен Ханой қалаларында да сайлау учаскелері ашылып, қазақстандықтар дауыс берді.
Сондай-ақ уақыт белдеуіне қарай Омск, Бішкек және Дели қалаларында сайлау учаскелері ашылды.
Ташкент, Ашхабад, Исламабад және Душанбе қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр.
Таяу Шығыста Әбу-Даби, Дубай, Маскат қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істей бастады.
Сонымен қатар Ереван, Баку, Астрахан және Тбилисиде де сайлау учаскелері ашылды.
Анкара, Ыстанбұл және Анталиядағы сайлау учаскелері Қазақстан азаматтары үшін жұмыс істеп жатыр. Айта кетерлігі, Ыстанбұлдағы сайлау учаскесінде 500-ге жуық қазақстандық тіркелген.
Оған қоса Тегеран, Эр-Рияд, Жидда, Амман және Доха қалаларында сайлау учаскелері ашылып, жұмысқа кіріскен.
Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазанда қалаларында сайлау учаскелері дауыс берушілер үшін есіктерін айқара ашты. Ресейде 5 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Мәскеу бойынша 1500 адам консулдық тіркеуден өткен. Жексенбі күніне қарамастан, Мәскеуде сайлаушылардың белсенділігі жоғары.
Кувейт, Аддис-Абеба, Минск пен Брест қалаларында да сайлау учаскелері өз жұмысын атқарып жатыр.
Бұхарест, Таллин, Хельсинки, Рига қалаларында дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады.
Каир мен Преторияда сайлау учаскелері жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн.
Еуропа елдерінің қалаларындағы сайлау учаскелері Берлин, Париж, Мадрид және Варшава қалаларында ашылды. Вена, Брюссель, Берн, Прага қалаларында дауыс беру учаскелері жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн.
Будапешт, Рим, Гаага, Братислава, Загреб, Майндағы Франкфурт, Мюнхен, Рабат, Осло және Стокгольмдағы сайлау учаскелері жұмысқа кіріскен.
Лондон және Лиссабон қалаларында дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады. Сондай-ақ Бразилиа қаласында дауыс беру учаскесі де іске кірісті.
Қазақстанның шетелдегі мекемелерінде дауыс беру «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 38-бабының 1-тармағына сәйкес сайлау өткізілетін күні (2023 жылғы 19 наурыз, жексенбі) жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі.