Мәжіліс пен мәслихатта халықтың атынан кім сөйлейді деген сұраққа бүгін жауап аламыз – саясаттанушы
Индира Рыстина сайлау институтының рөлі мен сайлаушылардың белсенділігі туралы пікір білдірді

Саясаттанушы Индира Рыстинаның айтуынша, қарапайым халық Мәжіліс пен мәслихатта өз кім жеткізіп үнін, пікірін кім айтады деген сұраққа сайлау арқылы бүгін жауап бере алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Еліміздегі өкілдік басқару формасына сәйкес, әрбір азамат мемлекеттік басқару ісіне өз өкілін тағайындайды, өз өкілін сайлайды. Яғни, өз өкілі үшін дауыс беру процесі «сайлау» деп аталады. Сондықтан «Мәжіліс пен мәслихатта біздің атымыздан кім сөйлейді, біздің пікірімізді билік алаңына кім жеткізеді?» деген сұраққа біз бүгін жауап беруіміз керек. Және бүгінгі сайлау нәтижесі бойынша біз осының жауабын аламыз да», - деді Индира Рыстина.
Сонымен қатар саясаттанушының айтуынша, императивті мандат жүйесінің алғашқы көріністері Мәжіліс деңгейінде болмаса да, мәслихат деңгейінде бір жыл ішінде көрініс табады.
«Заңнамада көрсетілген тәртіп бойынша бір жылдан кейін Мәжіліс деңгейінде болмаса да, мәслихат деңгейінде қайтарымды мандаттың жүзеге асу принциптері іс жүзінде қалай болатынын көреміз деп ойлаймын. Себебі, қазір азаматардың жауапкершілігі артып келе жатыр. Азаматтар сайлауға бару, дауыс беру, өз дауысының қалай әсер ететінін бақылау дегенге жауапкершілікпен қарай бастады. Ендігі кезекте олар мәслихатқа өз округінен шыққан депутаттардың жұмысын бақылайды. Бір жыл ішінде олар депутаттың жұмысына көңілім толады немесе толмайды деген пікір білдіре алады.
Қайтарымды мандат бойынша азаматтар ең алдымен сол округтегі сайлаушылардың он пайызының дауысын жинап, қайтару процесін бастайды. Одан кейінгі кезекте сайлау комиссиясына барып, округтегі халықтың 50 пайызының сол кандидатқа қарсы екенін айтып, дауыс береді. Одан кейін басқа депутат сайлау үшін дауыс беруге болады. Яғни, бір депутатты қайтару үшін азаматтар үш мәрте азаматтық ұстаным таныту керек. Сондықтан өте жауапты және азаматтық қоғам тұрғысынан оның дамуына серпін береді», - дейді Индира Рыстина.