Мемлекет дамудың жаңа кезеңіне көтеріледі – саясаттанушы

Ол осы жолғы саяси науқан демократияға деген ұмтылыстың айқын көрінісі екенін айтты

Мемлекет дамудың жаңа кезеңіне көтеріледі – саясаттанушы

Сайлаудағы бәсекелестіктің жоғары болуы және халықтың оларға дауыс берудегі белсенділігі қоғамның дамуына тікелей оң әсер етеді. Блұ туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми хатшысы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«2004 жылдан бері болмаған жаңа жүйені енгіздік: партиялық тізім және бір мандаттық бойынша, яғни аралас сайлау жүйесі. Бұл сайлауда халық өте белсенділік танытты, саяси науқан елдің қызығушылығын оятты. Бір мандатты сайлау округы бойынша сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің де дайындығы жоғары болды. Республикалық маңызы бар қалалардағы бәсекелестік те жоғары. Саяси тұлғалардың да белсенділігі жоғары, саяси электорат та қалалық жерлерде көп. Осы уақытқа дейін қоғамда белсенділігімен танылған адамдардың көптігі де саяси бәсекені қыздыра түсті», - деді саясаттанушы Әсел Назарбетова.

Оның сөзінше, осы жолғы саяси науқан демократияға деген ұмтылыстың айқын көрінісі.

«Партиялардың арасындағы тартысты да көрдік. Бұл демократиялық қоғамның көрінісі. Әрбір сайлаушының дауысын алу үшін тартыс болып жатыр. Соңғы кездегі сайлауда мұндай бәсекелестік, жоғары қызығушылық байқалмаған. Дебат кезінде де көптеген мәселелер көтерілді. Сайлау науқаны эмоцияларға толы болды. Саяси науқан тиісті деңгейде өтіп жатыр. Қоғамның даму деңгейін көрсетеді. Адамдар дауыс беруге ағылып келіп жатыр. Мәслихат депутаттығына үміткерлерге де халық аса сақтықпен дауыс беріп жатыр. Парламентте де, мәслихатта да жаңа тұлғаларды көреміз. Мұның бәрі мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне көтеріледі дегенді білдіреді», - деді саясаттанушы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.