Алматы әкімі жұбайымен бірге сайлауда дауыс берді

Azattyq Rýhy

ҚР Парламенті Мәжілісінің 8-шақырылымы бойынша 98 депутат сайланады

Алматы әкімі жұбайымен бірге сайлауда дауыс берді

Алғашқылардың бірі болып таңғы сағат 07:00-де №48 мектеп-лицейінде орналасқан №388 сайлау учаскесіне Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгін өтіп жатқан сайлау Қазақстан өміріндегі маңызды оқиға болып саналады және Мемлекет басшысы өткен жылдың наурыз айында жариялаған саяси реформалардың соңғы кезеңін білдіреді. Қала Мәжіліс пен маслихаттың сайланған депутаттары алдында жаңа міндеттер туындайды және олардың жұмысы Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі бастамаларды қолдауға бағытталуы тиіс. Қазақстан мен біздің сүйікті Алматының тағдырына шын жүректен алаңдайтын алматылықтар бей-жай қарамайтынына және жарқын болашаққа дауыс беретініне сенімдімін», - деді Ерболат Досаев.

Еске сала кетейік, 19 наурызда қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды.

2022 жылғы референдум қорытындысы бойынша Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізілгеннен кейін Парламент Мәжілісі депутаттарының 70%-ы партиялық тізімдер бойынша, ал 30%-ы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Осылайша, алдағы сайлауда партиялық тізімдер бойынша Мәжілістің 69 депутаты және бір мандатты аумақтық округтер бойынша 29 депутат сайланады. ҚР Парламенті Мәжілісінің 8-шақырылымы бойынша 98 депутат сайланады. Сайлауға қатысуға жеті саяси партия жіберілді.

Сондай-ақ, аралас сайлау жүйесі бойынша 50-де 50 арақатынасында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау өтеді. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда депутаттар тек бір мандатты округтер бойынша сайланады. Бұл ретте еліміздің 223 мәслихатында барлығы 3 415 мандат бар, оның ішінде 668-і – облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың 20 мәслихатында, 617-сі – қалалық мәслихаттарда, 2 130-ы – аудандық мәслихаттарда.

Сайлауға келген еліміздің 17 облысының тұрғындары түрлі түсті бес бюллетень алады:

  • көк – партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының сайлауы бойынша;
  • жасыл – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы бойынша;
  • күлгін – партиялық тізімдер бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттары депутаттарының сайлауы бойынша;
  • қызғылт сары – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының сайлауы бойынша;
  • сұр – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша.

Өз кезегінде Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары түрлі түсті төрт бюллетень алады: партиялық тізімдер бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша – көк, ал бір мандатты округтер бойынша – жасыл; қалалық мәслихатқа кандидаттарға дауыс беру үшін бюллетеньдер күлгін және қызғылт сары түсті болады.

Әр бюллетеньде «барлығына қарсы» деген баған болады.

Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.