Ерлан Қошанов: Мен өз таңдауымды жасап, жарқын болашақ үшін дауыс бердім

Автор: Azattyq Rýhy

Сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмысқа кірісті

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жұбайымен бірге Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

№110 сайлау учаскесі елордадағы  Қазақстан темір жолы ғимаратында орналасқан.

Сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмысқа кірісті.

Сайлау учаскесінде 2229 сайлаушы тіркелген. Сайлау сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

«Қадірлі достар! Бүгін бәріміз үшін маңызды күн. Қазақстандықтар өз таңдауын жасап, ел болашағы үшін дауыс беріп жатыр.

Бұл науқан біздің қоғам үшін айрықша тәжірибе болды деп айта аламын. 7 партиядан және бірмандаттық округтен додаға түскен жүздеген үміткер өз бағдарламаларын ұсынды. Ең өзекті мәселелер қамтылды», - деп жазды Ерлан Қошанов Instagram парақшасында.

Ол сөзін жалғай отырып, мұның барлығы – Мемлекет басшысының саяси реформаларының нақты жемісі екенін тілге тиек етіп өтті.

«Тек демократиялық әділ сайлау нәтижесінде және жастардың саяси аренаға еркін, кедергісіз келуі арқылы ғана кемел қоғам қалыптасады.

Сондықтан бүгін баршаңызды ел тағдырын айқындау ісіне атсалысуға шақырамын. Мәжіліс пен жергілікті өкілді органдарда мүдделерін кімдердің қорғайтынын Қазақстан азаматтарының өзі ғана анықтай алады. Таңдау жасау мүмкіндігін өткізіп алмаңыз!

Мен өз таңдауымды жасап, жарқын болашақ үшін дауыс бердім!» - деді «AMANAT» партиясының төрағасы.