Премьер-министр жаңа Үкімет құрамы туралы пікір білдірді
Ол қазіргі Үкімет кез келген жағдайға дайын екенін айтты
Премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берген соң БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Парламент Мәжілісі қайта сайланғаннан кейін Үкімет отставкаға кетеді. Жаңа Үкімет қайта жасақталғанға дейін біз өз қызметімізді атқаруды жалғастырамыз. Жаңа Премьер-министрдің кім болатынын Президент шешеді. Біз кез келген жағдайға дайын боламыз. Өз еліміз үшін әрқашан еңбек етуге әзірміз», - деді Смайылов.
Әлихан Смайылов Ұлттық кітапханадағы №111 сайлау учаскесінде дауыс берді. Сайлау учаскесі елорда уақыты бойынша сағат 7.00-ден жұмысқа кірісті.
Сайлау учаскесінде есеп бойынша 2 771 бюллетень бар. Ал тіркелген сайлаушылар саны 2 744.