Елімізге тауардың кеш жеткізілуі іскерлік белсенділікті тежеп отыр – Ғалымжан Пірматов

Автор: Аягөз Құрмаш

Ақпанда іскерлік белсенділік индексі 50-ді құраған   

Фото ашық дереккөзден

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет нақтыланып жатқан Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов іскерлік белсенділік факторлары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.     

«Қазақстанда 8 ай қатарынан теріс аймақта болған іскерлік белсенділік жағдайы жақсара бастады. 2023 жылдың қаңтар айында іскерлік белсенділік индексі өсу аймағына өтіп, 50,7-ні көрсетті. Ақпан айында индикатор 50-ді құрап, өзгеріс болмағанын көрсетіп отыр. Барлық секторда тауар жеткізу мерзімінің ұзақтығы іскерлік белсенділікті тежейтін фактор болып қалып отыр», - деді Пірматов.     

Ол жыл басынан бері әлемде іскерлік белсенділік жақсарғанын, оған көбіне Қытай экономикасының коронавирус шектеулерінен босауы себепкер болғанын атап өтті.     

«Қытай экономикасының ашылуына байланысты сұраныс артып, рецессиялық тәуекелдер төмендеп, логистикалық маршруттар жөнге келгендіктен баға қысымының әлсірегені байқалады», - деді ол.    

Ұлттық банктің бағалауынша, төлем балансының қазіргі шоты профицит аймағынан орта мерзімді перспективада дефицит аймағына біртіндеп ауысады.    

«Шикізат бағасының түсуіне және импортқа деген сұраныстың өсуіне байланысты ағымдағы шоттың оң сальдосы қысқарды», - деді Ұлттық банк басшысы.    

Оның болжамынша, экономикалық даму болжамының базалық сценариі сақталса, мұнай саудасының есебінен тауар экспортының деңгейі қазіргі деңгейде сақталады.     

«Ал тауар импорты одан әрі өсіп, болжам бойынша ең жоғары тарихи көрсеткіштен асып түседі. Импорттың өсіп келе жатқан деңгейі халық пен бизнестің арта түскен сұранысын қанағаттандыру үшін Қазақстандағы өндірістің жеткіліксіз болуына, мемлекеттік бастамалар мен экономиканы қолдау бағдарламаларының іске асырылуына байланысты болып отыр», - деді Пірматов.