Трамп президент сайлауындағы басты қарсыласын атады
Саясаткер 2018 жылы оған қолдау білдіргеніне өкінетінін айтты

Ақ үйдің бұрынғы басшысы Дональд Трамп АҚШ президенттігі үшін күресте басты бәсекелесі ретінде өзінің партияласы, Флорида штатының губернаторы Рон ДеСантистің есімін атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Bloomberg басылымының жазуынша, саясаткер 2018 жылы штат басшысын сайлауда қарсыласын қолдағанына өкініш білдірген.
«Мен өкіндім десем де болады, бірақ алда не күтіп тұрғанын ешқашан білмейсің. Бәрі де өзгеруі мүмкін», - деді Трамп журналистердің ДеСантис туралы сұрағына.
Рон ДеСантис. Фото:Global Look Press
Айта кетерлігі, 2024 жылғы президент сайлауына сонымен қатар, бұрынғы вице-президент Майк Пенс, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі және Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы Никки Хейли, АҚШ вице-президенті Камала Харрис, АҚШ көлік министрі Пит Буттиги және Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюом де түсуге ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден екінші мерзімге сайлануы мүмкін деген болжам да бар.
Наурыз айының басында Associated Press агенттігі америкалық кәсіпкер Перри Джонсонның 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауында Республикалық партиядан үміткер болғысы келетінін хабарлады. Бұған дейін кәсіпкер 2022 жылы Мичиган губернаторы сайлауына түсуге тырысқан, бірақ оның кандидатурасын мемлекеттік сайлау комиссиясы қолдаушылар санының дұрыс болмауына байланысты қабылдамады.