Қытайдан онлайн сатып алынған тауарларды жедел жеткізетін пойыз ашылды
Шаттл-пойыз Қазақстан арқылы көрші елдерге де жүреді
«Қазақстан темір жолы» компаниясы интернет арқылы сатып алынған тауарларды Қытайдан жедел жеткізетін пойыздың іске қосылғанын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Компанияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қытай Халық Республикасынан онлайн сатып алынған тауарларды енді тұрақты транзиттік шаттл-пойызы арқылы алдыруға болады. Пойыз Қазақстан арқылы көрші елдерге де жүреді.
«Үрімші (ҚХР) бағыты бойынша Алашаңқай – Достық шекаралық өткелі арқылы Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстанға қатынайтын болады», - делінген хабарламада.
Жүкті межелі станцияға жеткізу мерзімі 7-10 күнді құрайды. Тұрақты қызмет көрсету жиілігі – апта сайын.
Болашақта тасымалдау көлемінің одан әрі ұлғаюымен шаттлдарды жөнелту жиілігі ұлғаяды.