ШҚО-да рельстен шығып кетіп, Ертіске құлаған вагондар әлі де су астында жатыр
Оқиға өткен жылдың сәуір айында болған
Шығыс Қазақстан облысында рельстен шығып кетіп, Ертіс өзеніне құлаған жүк вагондары әлі күнге дейін судан шығарылған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО экология департаментіне сілтеме жасап.
Еске салсақ, оқиға өткен жылдың сәуір айында болған.
Барлығы 18 вагон рельстен шығып кеткен еді. Оның ішінде руда тиелген 2, шлак тиелген 4 вагон Ертіс өзеніне құлаған.
Алайда әлі күнге дейін вагондар судан шығарылмай жатыр.
ШҚО экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, экологтар бұған дейін өзеннен су сынамасын алып зерттеу жүргізді.
Соның нәтижесінде, судан зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асу фактісі анықталған жоқ.
«Қазіргі уақытта «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС филиалы қалыптасқан жағдайдың шешімін іздеуде. Жалпы облыста ғана емес, ел бойынша вагондарды өзен түбінен көтеріп шығара алатын кран жоқ. Талапқа сәйкес, ҚТЖ вагондар мен жүктің қалған бөлігін 2024 жылға дейін көтеріп шығаруға міндетті», - дейді департамент басшысы Данияр Әлиев.