Жаңаөзенде коронавирус туралы жалған хабар таратқан медбике жұмыстан кетеді
Ол халықтан кешірім сұрады
Жаңаөзен қалалық ауруханасының медбикесі мессенжерде коронавирус туралы жалған хабар таратқаны үшін елден кешірім сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі жергілікті Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медбике өз еркімен жұмыстан шығу жөнінде өтініш жазған.
Жаңаөзен ауруханасында коронавирус жұқтырған адам бар деген хабар WhatsApp арқылы тез тарап кетті. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, Жаңаөзенде коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркелмегенін мәлімдеді.
Кейіннен жалған хабар таратқан әйелдің қалалық аурухананың медбикесі Арухан Шырақбаева екені анықталды.
«Ол бұл әрекетін туыстарына арналған қалжың деп түсіндірді. Арухан Шырақбаева мессенжердегі хабарламасында Оңтүстік Корея астанасы Сеулден келген студент қыз коронавирус күдігімен ауруханада жатқанын айтқан. Бірақ ол аудиохабарламаны осыншама тез және жан-жаққа тарап кетеді деп ойламаған», - деп жазады басылым.
Ол Жаңаөзен тұрғындарына арнап видео түсіріп, кешірім сұрады.
«Хабарламада айтылған мәлімет шындыққа жанаспайды. Мен Жаңаөзен тұрғындарынан кешірім сұраймын», - дейді Арухан Шырақбаева.