Ақтөбе облысында оқушылардың қатысуымен болған жол апатынан екінші қыз көз жұмды
Жол апатында зардап шеккендердің барлығы – Шалқардағы №8 мектептің оқушылары.

Жол апатынан кейін аудандық ауруханаға ес-түссіз түскен 16 жастағы қыз 5 наурыз күні сағат 18:30-да қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Диапозон порталына сілтеме жасап.
Бақилық болған жасөспірім ауруханаға бас миының ашық жарақаты, ми ішінде қан кету және мидың ісінуі диагнозымен түскен еді. 9-сынып оқушысы 4 наурызда Шалқар - Бозой тас жолында болған апаттан зардап шеккен.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті деректері бойынша, ЖКО шамамен 20:55-те болған. «Toyota Land Cruzer» көлігін басқарған кәмелетке толмаған жасөспірім қыз рульді басқара алмай, салдарынан көлік аударылып кеткен.
9 сынып оқушыларының бірі оқиға орнында жан тапсырды, тағы төртеуі ауруханаға жеткізілген еді.
Тексеруден кейін 15 жастағы бір оқушы үйге амбулаториялық емделуге жіберілді, оның аяқ-қолдары көгерген. 2008 жылы туған екі бала облыстық балалар ауруханасына жіберілді. Біреуінің жамбас сүйегінің төменгі жағы, ал екіншісінің бірнеше жіліншегі сынған.
Ақтөбе облысының полиция департаменті оқушы көлікті ағасының рұқсатынсыз алғанын мәдімдеді.
Оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігіне сай сотқа дейінгі тергеу басталды.