«Ақ жол» партиясы: девальвациямен отандық өнімді өндіру арқылы күресу керек
Партияның республикалық штаб өкілдері Алматы қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса және Мәжіліс пен жергілікті мәслихатқа үміткерлер бастаған «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматы қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті.
Бүгін тамақтану саласындағы ірі бірлестік болып табылатын «Евразиян фудс» АҚ-ның еңбек ұжымымен кездесу өтті. Бұл жеке өндірістік холдингте үш зауыт пен мыңдаған қызметкер жұмыс істейді. Компания бюджет салығына төлемдерді әрдайым ұлғайтып келеді – 5 жыл бұрын 10 млрд теңге төлесе, былтырғы жыл үшін салық төлемі 20 млрд теңгеге ұлғайған.
«Біздің мақсатымыз – нарықтық ұстанымдарды, әділ бәсекелестік пен отандық өндірушілерді қолдайтын «Ақ жол» демпартиясының парламенттегі жұмысы туралы айту. Бір жағынан еңбек ұжымдарының ескертпелері мен өтініштерін тыңдаудамыз, экономикалық мәселелерден бөлек, әлеуметтік әділеттілік, жемқорлықпен күрес, саяси реформалар жөнінде сұрақтар келіп түсуде. Бұл біз үшін өте маңызды, себебі, «Ақ жол» демпартиясына дауыс беріп, сенім артатын жандармен ұдайы байланыста болуымыз керек», – деді Азат Перуашев.
Партия лидері партияның саяси бағдарламасының басым бағыттарын атап, жиналған қауымның сауалдарына жауап берді. Әсіресе, «Ақ жол» демпартиясының еркін экономикаға көшу туралы ұсыныстарына ерекше тоқталды.
«Біздің елімізде тек 5 банктің өзі ғана барлық банк секторының 65%-ын бақылауында ұстап отыр. Сонымен қоса, өздеріне бүкіл бизнес пен барлық азаматтар төлем жасаса да, банктер ҚҚС-тан босатылған. Біз сараланған салық мөлшерлемелерін енгізуді ұсынған кезде, бізге бұның әділ бәсекелестік ұстанымдарын бұзу екендігін айтып жауап беретін. Ал, кіммен кімді бәсекелестірмек? Мұнай экспорттаушылары мен сүт өндірушілерін бе, әлде, байлар мен кедейлерді ме? Бұл бәсекелестік емес, тонаушылық. Біз ЕуроОдақтағыдай азық-түлік өндірушілері мен өзге де басым салалар салықты аз, ал банктер мен шикізат олигархтары көбірек төлеуі үшін ары қарай да күресеміз», – деді партия төрағасы.
Сондай-ақ, «Ақ жол» үгіт-насихат тобы Алматы электромеханикалық зауытының ұжымымен кездесті.
«Өзіміздің отандық өндірісті дамыту маңызды. Бұл берік ұстаным. Себебі, өз өндірісіне арқа сүйей алмайтын экономика әрдайым импортқа тәуелді болады. Нарықты отандық тауар массасымен толтырмасақ, ақшаның кез келген көлемі инфляция тудырып, девальвациялық болжамдарға әкеп соғады. Сондықтан, инфляциямен несие бойынша пайыздық үстемені көтерумен емес, отандық өнімді өндіру арқылы күресу керек» – деді Азат Перуашев.
Ол, сонымен қатар, зауыт жұмысшыларының тұрғын үй, жер телімдері, кәсіпорынды материалдармен қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша көкейтесті сауалдарына жауап берді.
Емін-еркін пікір алмасу нәтижесінде бірқатар қызметкерлер «Ақ жол» демпартиясы қатарына өтетіндерін жариялап, солардың ішінде Марат есімді бірінші ниет білдірушіге Азат Перуашев партиялық төсбелгісін бірден шешіп, кеудесіне тақты.
«Ақжолдықтар» Алматы қаласында жұмысын жалғастыруда. «Ақ жол» демократиялық партиясының 700-ден астам кандидаты еліміздің әр өңірінде сайлаушылармен кездесуін жалғастыруда.