$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Грекиядағы теміржол апаты: қаза тапқандар саны 57-ге жетті

Апат құрбандарының саны әлі де өсуі мүмкін

Грекиядағы теміржол апаты: қаза тапқандар саны 57-ге жетті
Фото: IMAGO/Leonidas Tzekas/Eurokini/Global Look Press

Грекияның Лариса қаласы маңында жүк пойызымен бетпе-бет соқтығысқан «Афина-Салоника» пойызында болған жолаушылардың туыстары әлі күнге дейін жақындарының тағдыры туралы ештеңе білмейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Құтқарушылар майысқан металдың арасынан адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр. Пойыздың вагон-мейрамханасы апаттан кейін бірден жанып кеткен, ондағы температура 1300°C-қа жеткен деген болжам бар.

Бүкіл ел бойынша қан құю пункттерінде донор болғысы келетіндердің ұзын-сонар кезегі пайда болды.

«Бұл – бәріміз үшін қиын сынақ болды, бірақ бізді жақынымызға деген мейірім мен сүйіспеншілік сезімі алға жетелеп келеді. Жастар да, егде жастағы адамдар да көмек беруге ұмтылып жатыр», – дейді апаттан зардап шеккен ларисалық тұрғын Euronews агенттігіне.

Грекияның Қызыл Крест филиалы өкілдерінің айтуынша, ауқымды ынтымақтастық науқанының бірінші күні ғана оның қызметкерлері 270 қан контейнерін жинаған.

«Біз қиын жағдайға тап болдық, өте өкінішті, бірақ адамдар ынтымақ танытты, басқаларды қиындықта қалдырмады. Олар қолдан келгенше көмектесіп, қан тапсырып жатыр», - деді олар.

Зардап шеккендер – негізінен 21 мен 26 жас аралығындағы жастар. Олар Лариса мен Салоник ауруханаларына жеткізілді. БАҚ беттерінде 48адамның  жараланғаны, олардың 6-сы жансақтау бөлімінде жатқаны жазылды.

Бұл трагедия грек қоғамы үшін дүрбелең болды. Елде наразылық акциялары өтіп жатыр, теміржол қызметкерлері ереуілге шығып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қордаланған мәселелер туралы айтады.

Отставкаға кететінін жариялаған бұрынғы көлік министрі Костас Караманлис «Үкімет бұл оқиғаның алдын алу үшін жеткіліксіз жұмыс жасады» деп мойындады.

«Оң өзгерістің кешігуі (теміржолды модернизациялауда) грек мемлекеттік секторындағы жүйелік проблемаларды көрсетеді, бұл ондаған жылдар бойы дұрыс жүргізілмеген саясаттың нәтижесі», – деді Үкіметтің өкілі Яннис Ойконому баспасөз брифингінде.

Станцияның 59 жастағы бастығы сәрсенбіде қамауға алынып, «абайсызда кісі өлтіріп» жарақаттағаны үшін  айыпталды. Теміржол вокзалының бастығы жолаушылар мен жүк пойыздарының «қателігі» салдарынан бір жолда қалғанын ішінара мойындады. Сонымен бірге Reuters айыпталушының адвокатының қайғылы жағдайға тек «немқұрайлылық» қана емес, «басқа факторлар»себеп болды деген сөздерін келтіреді.

Ведомствоның жаңа басшысы Джоргос Герапетритис қаза тапқандардың отбасыларынан кешірім сұрады. Бұған дейін премьер-министр Кириакос Мицотакис елде үш күндік аза тұту жариялады.

Серіктес жаңалықтары