Қазақстандықтарға Шенген визасын беру тәртібінде айтарлықтай өзгеріс болмайды – ЕО
Ерекше жағдайларда виза беру уақыты 45 күнге дейін ұзартылуы мүмкін
Қазақстандағы ЕО өкілдігінің баспасөз және ақпарат бөлімі 2023 жылғы 1 наурыздан кейін Қазақстан азаматтарының Шенген визасын алу тәртібін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2023 жылдың 1 наурызынан кейін Қазақстан азаматтарына Шенген визасын беру тәртібінде айтарлықтай өзгерістер болмайды және Еуропалық Одақ Қазақстанды «қара тізімге» енгізген жоқ. Ереже бойынша Шенген визасын беру туралы шешімді ЕО-ға мүше мемлекеттің тиісті консулдығы 15 күн ішінде қабылдайды. Бұл ереже Қазақстанға да қатысты қолданылатын болады», - делінген мәлімдемеде.
Егер өтінішті егжей-тегжейлі тексеру немесе қосымша құжаттарды ұсыну қажет болу сынды ерекше жағдайларда бұл мерзім 45 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл тәжірибе тек ерекше жағдайларда ғана ұлтына қарамастан, барлық өтініш берушілерге бұрынан бері қолданылып келеді.
Қазақстан үшін жақында енгізілген қосымша консультациялар өткізу рәсімі жеті күнге дейін созылуы мүмкін және бұл консультациялар стандартты 15 күндік рәсім аясында жүргізіледі. Сондықтан өтініш берушілердің виза алу уақыты айтарлықтай ұзармайды.
Қосымша консультациялар – бірқатар елге қолданылатын және Виза кодексімен реттелетін стандартты рәсім. Шенген аймағына мүше мемлекеттер бір-бірімен кеңесу үшін жүйелі түрде пайдаланып отыратын Шенген ақпараттық жүйесінде (SIS) «қара тізімдер» жоқ.
Шенген ақпараттық жүйесі аясында Қазақстан үшін қосымша консультацияларды енгізу әртүрлі бағыт пен өзара мүдделі салаларда қарқынды дамып келе жатқан ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарға еш қатысы жоқ.