Ол қазақтың ежелден береке-бірлікті өмірлік ұстанымға айналдырған халық екеніне тоқталды
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Алғыс айту мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ата-ана, ағайын-туыс, дос-жаранға белгілі бір себепті күтпестен алғыс айтып, көңілдерге қуаныш сыйлайтын ерекше мереке. Дәл осы күні сыйластық пен қамқорлық, құрмет пен ізет, мейірім мен ізгілік сияқты құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Мұның бәрі қоғамымыздың ілгері жылжуына ықпал ететін аса маңызды қағидаттар», - деді Әшімбаев.
Оның айтуынша, қазақ – ежелден береке-бірлікті өмірлік ұстанымға айналдырған халық.
«Ел болып, еңсе тіктеу үшін бұл бағдардың мәні айрықша зор. Сондықтан өзара ынтымақты арттыратын бүгінгідей атаулы күндер ұлт болып ұйыса түсуімізге өз септігін тигізетіні сөзсіз. Баршаңызға алғысымды білдіре отырып, әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін», - деді ол.