АҚШ Қазақстанның аграрлық саласына да инвестиция құюға мүмкіндігі бар – саясаттанушы
АҚШ Қазақстанға 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвестор
АҚШ үшін Қазақстан Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшы. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Қалиев Azattyq Ruhy тілшісіне айтты.
Күні кеше ғана АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға келген іс-сапарында екі ел арасында ең жоғары деңгейдегі әріптестік қарым-қатынас орнайтынын мәлімдеді. Отандық сарапшылар да бұған күмән келтірмеді.
«Біріншіден, АҚШ алып держава. Сол үшін онымен қарым-қатынас орнату біз үшін өте маңызды. Екіншіден, бұл АҚШ-тың Орта Азия елдерінің ішінен Қазақстанға баса мән беруінің көрсеткіші. Сондай-ақ, АҚШ аталған өңірдегі елдердің арасында бізді көшбасшы санайды. Бұл өте қуантарлық жайт. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта АҚШ-тың Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасын ескерсек, соған қарамастан біздің еліміз бұл ретте өзінің тұрақтылығын сақтап отыр», - дейді Талғат Қалиев.
Сондай-ақ, сарапшы өз сөзінде Қазақстанның халықаралық көлік-транзит әлеуеті де еліміздің дүниежүзілік экономикалық саясатында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бізде қазір Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша ынталандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл Еуропа мен Қытайды байланыстыратын баламалы маршрут. Бұл транзиттік көпір Қазақстанның рөлін арттыра түседі. Мұндай маңызды тетіктер АҚШ-тың да назарынан тыс қалмайтыны сөзсіз», - деді ол.
Талғат Қалиев еліміздегі мұнай өндіру секторының ең ірі инвесторы АҚШ екенін ескере келе, алдағы уақытта инвестиция бағытындағы жұмыстар тағы да еселене түсуі мүмкін екенін айтты.
«Қазір АҚШ-пен тең дәрежеде Қытай бәсекелестік жасауы мүмкін. Оның үстіне Қытай әлемдегі екінші мықты экономика. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың араб елдеріне жасаған іс-сапарларын ескерсек, елімізде АҚШ-тан басқа да капиталы үлкен ірі инвесторлар қатары артуы мүмкін. АҚШ біздің елімізде біраз жылдар бойы өндіруші секторда инвесторлық танытып келеді. Бәлкім, алдағы уақытта аграрлық салаға да инвестиция құйып қалар, оған АҚШ-тың мүмкіндіктері жетерлік», - деді Талғат Қалиев.