Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасына берген сұхбатында Түркістан облысын құру туралы шешіміне тоқталды
«Ол көптен ойда жүрген мәселе еді. Тіпті осы елорданы таңдаған кезде де мен Түркістан жайлы ойлағанмын. Ол кезде кішігірім қала. Бірақ астананы ол жерге апармайтын болдық. Себебі, бұл біздің рухани орталығымыз. Тіпті түрік әлемінің рухани орталығы. Қожа Ахмет Яссауидің шығармалары мен ой-пікірлері де сол жерде туған. 1500 жылдан астам және одан да көп тарихы бар ежелгі қаланы осы күні жандандырудамыз. Оңтүстігімізде, құдайға шүкір, халық жеткілікті. Осының жайын бұрыннан ойлап келе жатқан едім» деді Елбасы.
Түркістанды арнайы облыс ретінде құру шешімін барлық түркітілдес мемлекеттер қолдаған.
«Шымкент миллион халқы бар қалаға айналғаннан кейін одан елорда, Алматы сияқты тікелей орталыққа бағынатын республикалық маңызы бар қала жасадық. Тиісінше, облыс орталығы мәртебесінен кетті. Сондықтан мен Түркістанды облыс орталығы деп жарияладым. Түркістан облысын құрдым. Барлық түркітілдес мемлекеттер, басқалары да бұл шешімді қолдады. Мен мұны дұрыс шешім деп санаймын» деп түсіндірді.