Елордада қарапайым жандар жертөледе тұрып келген анаға үй алып бермек

Автор: Azattyq Rýhy

«Шаңырақ» әлеуметтік жобасы екі ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға жылу жинауды бастады

Астанада қарапайым жандар жертөледе тұрып келген анаға үй алып беруді жоспарлап отыр. Осы мақсатта елден жылу жинай бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайту керек» деген болатын. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында әділетті мемлекет пен біртұтас ұлт қана берекелі қоғам орната алады деген ой жолдап отыр. Оның үстіне, Президент азаматтық қоғамды дамытуда қарапайым азаматтар мен құзырлы органдар бірлесе, ынтымақтаста жұмыс істеу керек деген тапсырма берген.

«АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУ ҮШІН ТАБЫСЫ 3 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ КӨП БОЛЫП КЕТКЕН»

«Шаңырақ» әлеуметтік жобасы желі арқылы көмек жинайтын өзге ұйымдармен, қоғамдық қорлармен салыстырғанда бірегей жоба деуге болады. Өйткені, әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген, әрқайсысының тыныс-тіршілігі әртүрлі, бұрын бір-бірін танымайтын адамдар күшін біріктіріп, жақсылық жасауға бел байлаған. Әлеуметтік жобаның қазір 18 мүшесі бар. Олардың ешқайсысы қоғам белсендісі, болмаса, танымал адам емес: әрқайсысы еліміздің қарапайым азаматтары, қатардағы қарапайым қызметкерлер. Бірақ, мақсат-ойлары бір жерден шыққан соң, болмағанда бір отбасыға көмек берейік деген ниетпен жұмысқа кіріскен.

«Осы 18 адам қосылып әлеуметтік жоба бастайық дегенде сан түрлі пікір болды. Біріміз мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек берейік дедік, біріміз, медициналық аппарат сатып берейік дедік, біріміз көп балалы отбасыға үй алайық десек, біріміз, «ерекше» балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер мен сол баланың өздеріне қолұшын созайық дедік. Осылайша, көмек керек адамдарды іздеп, әрқайсысының өмірімен, тыныс-тіршілігімен, алға қойған мақсаттарымен таныса бастадық. Осылайша, екі ұлымен жертөледе тұрса да тәрбие мен еңбекті ұмытпаған Айнаш есімді әйелді таптық. Енді тұрып жатқан жертөлесін көрсеңіздер, өздеріңіз де шошисыздар: ол жер өте суық, балалар жуына алмайды, өйткені, қазір қыс, жуынатын жерінің де сұрқы кеткен», - дейді команда мүшесі Дана Өмірбаева.

Бірақ, әлеуметтік жоба авторларын ананың шыдамдылығы ғана емес, осындай жағдайда өмір сүріп жатса да тұйықталмаған, тәрбиені ұмытпай, анасына қолдау білдіріп отырған екі ұл бала қатты таңқалдырған.

«Бірақ, екі ұлы нағыз азаматтық танытып, анасына «неге біз осындай жерде тұрамыз» деп емес, «болашақта біз әдемі үйде тұрамыз» деген үмітпен көмектесетін,  сабақтарынан қалмайтын, жан-жағындағы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүр екен. Міне, Айнаштың осындай тәрбие беріп отырған ана екенін және қиындықтарға мойымай, ешкімнен алақан жайып, қайыр сұрамай, өз еңбегімен екі ұлын асырап отырғанын көргенде, таңдауымыз Айнашқа түсті. Айнаштың рухы берік. Жігері жасымаған. Үлкен ұлы анасының жанында кіреберістерді тазалауға көмектесіп, анасы түнгі ауысымға кеткенде бауырына қарайды», - дейді Дана.

Жоба өкілдерінің айтуынша, Айнаш ресми түрде қаладағы дәріханалардың бірінде тәуліктік ауысыммен фармацевт болып жұмыс істейді. Қол қусырып отырмай, баспана алу үшін қаланың үй кезегіне тұрған, бірақ, алдында әлі адам көп. Қосымша табыс болсын деп жұмыстан кейін тұрғын үйдің кіреберістерін жуады. Ең бастысы, жобадағы адамдардың айтуынша, бұл адал еңбегінен еш қымсынбаған.

«Айнаш атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырған екен. Алайда, ресми кірісі (ресми айлық табысы 130 мың теңге – авт.) жеткілікті шектен 3 мың теңгеге асып кеткен соң, атаулы әлеуметтік көмектен қағылған. Менің ойымша, ата-анасы үшін бала жауапты емес, сондықтан, қиын жағдайдағы балалардың отбасына үкімет барынша көмек беруі керек», - дейді Дана.

«ҚАЗАҚ ҮШІН КИЕЛІ ҚАРА ШАҢЫРАҚ ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА БАСПАНАҒА ҚАРАЖАТ ЖИНАУДЫ ЖӨН КӨРДІК»

Осылай деген жоба авторлары Айнаштың өте жаман жерде, яғни, жертөледе тұрып жатқанын ескеріп, әрі Айнаш пен балалары тарапынан «мынау керек, анау керек» деген «көрсеқызарлық» байқалмаған соң, осы екі ұл мен анасына баспана алып беру үшін қаражат жинайық деген ой келеді.

«Шаңырақ деп атауымыздың өзінде үлкен мән бар. Қазақ үшін «қара шаңырақ» деген киелі сөз бар емес пе!? Сол сияқты біз Айнаштың екі ұлы «қара шаңырағымыз» деп айтып жүретіндей, кішкене болса да таза, жылы үй алып бергіміз келеді. Қазақ отбасы құндылықтарын ешқандай ақшаға айырбастамаған, сатып та ала алмаған. Бала үшін басты тәрбие алатын жері – отбасы, сондықтан, болашағымыз үшін осы отбасы институтын нығайту керек. Ерлі зайыптылардың екеуі де оқыған, білімді, белгілі бір мамандықты игеріп шыққан адам болса, өмірге деген жауапкершілікті сезінсе ғана дені сау, санасы сау бала тәрбиелей алады. Сондықтан, балаларға білім беріп, олар есейгенде де оқытып, ортаға бейімдеу», - дейді Дана.

БАСТЫ МАҚСАТ – ҚОҒАМДЫ ЖАҚСЫ ЖАҒЫНА ҚАРАЙ ӨЗГЕРТУГЕ ҰМТЫЛУ, ЖАСТАРҒА ҮЛГІ БОЛУ

Жобаға ат салысып жүрген Жанна есімді әйелдің айтуынша, әрине, қазір көмекке мұқтаж адамдардың бәріне бірдей қол ұшын созу мүмкін емес. Сондықтан, Жаннаның айтуынша, ел бірігіп, осындай әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыра берген сайын азаматтық қоғам, азаматтық принцип және өскелең ұрпаққа көрсетер азаматтық жауапкершіліктің үлгі болады.

Қазір қоғамда әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар көп. Біздің әлеуметтік жобаның мақсаты – тек қана бір адамға көмектесу емес, біздің мақсатымыз істеген ісімізді жастар көрсе, Қазақстандағы осындай жалғызбасты отбасыларға көмектессе деген ниет», - дейді Жанна.

«Біз әртүрлі салада жүрген 18 адам едік, бізді осы «Шаңырақ» әлеуметтік жобасы біріктірді. Біздің мақсатымыз – Айнаштың отбасына үй алып беру.  Айнаш кезінде Астанаға Тараздан жолдасымен бірге, осы екі ұлымен бірге арман қуып келген. Бірақ, жолдасы уақытша қаржылай қиындықтарға шыдамай, балаларын тастап кеткен.  Айнаш 2021 жылдан бері екі баласымен жертөледе тұрады. Өзі үнемі жұмыста, соған қарамастан, екі баласы ақылды, ынсапты болып өскен. Тіпті екі ұлы бата жаттап, асқа батасыз отырмайды екен. Өзі көп уақытын жұмыста өткізсе де балаларына осылай тәрбие беруі Айнаштың қандай ана екенін көрсетсе керек», - дейді жобаның тағы бір қатысушысы Гүлжахан Құсайынова.

Қазір жоба мүшелері Айнаш туралы ақпаратты желіге жүктеп, көмектесемін деген адамдардан әлеуметтік бастама авторлары істі соңына дейін жеткізуге ниетті. Олар Айнаштың 14 және 9 жасар ұлдары ертең-ақ ержетіп, аналарына қамқор болатынына кәміл сенеді. Бірақ, қақаған қыста, қар еріп, үйлердің жертөлелерін су басатын көктемде «болашақта әскери боламыз, Отанымыз бен аналарды қорғаймыз» деп армандап жүрген екі ұл тым болмағанда құрғақ төсекте ұйықтаса дейді.