БҚО-да тікұшақ апатынан қаза болғандардың аты-жөні жарияланды
Апаттан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті
Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстандағы оқыс оқиғадан қаза тапқандардың аты-жөнін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ТЖМ жариялаған ресми хабарламаға сүйенсек, авиациялық төтенше жағдай кезінде ведомствоның төрт қызметкері көз жұмды.
Олар: ұшқыш-нұсқаушы Дәулетбай Қанатов Сабырбайұлы, екінші пилот Владимир Афанасьев Константинович, аға борт механик-нұсқаушы Сиязбек Андосов Шажалиұлы және жетекші инженер Жәрдем Доскалиев Қуанышқалиұлы бар.
«ТЖМ ұжымының атынан 2023 жылғы 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысының аумағында авиациялық оқиға кезінде қаза тапқан әріптестеріміздің туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Айта кетейік, кеше «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы Батыс Қазақстан облысы аумағына апатты жағдайда қонуға мәжбүр болғаны хабарланған. Көп ұзамай Азаматтық авиация комитеті тікұшақ экипажының арасында зардап шеккендер бар екенін, артынша апаттан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шеккені белгілі болды.
Azattyq Ruhy ақпарат агенттігі қаза тапқан мамандардың жақындарына қайғыра көңіл айтады