$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Коронавирустан кейін өкпеңіздің қандай жағдайда екенін қалай тексеруге болады?

Физиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқановпен сұхбат

Коронавирустан кейін өкпеңіздің қандай жағдайда екенін қалай тексеруге болады?
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/ Әбілқасым Есентаев

Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын 106 қазақстандық жұқтырған. Бүгінде бас-аяғы 1 мың 651 адам КВИ инфекциясынан емделіп жатыр. Оның ішінде 2 науқас ауыр халде болса, 4 адамның денсаулығы аса ауыр жағдайда, ал бір адам өкпе желдеткіш аппаратының көмегімен тыныстап жатыр.

Өкпені қалай қорғаймыз? Коронавируспен ауырғаннан кейін қалыпты демді қалай тексереміз? Бұл сауалдарға физиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқанов жауап берді. 

- Өкпенің зақымданғанын кеуде қуысы шаншып ауырмай тұрып қалай білеміз?

- Адам өкпесін сезе алмайды. Адам тек тыныстай алады. Өкпеде нерв талшықтары жоқ, сондықтан ауырсынуды сезіне алмайды. Өкпеде қабыну барын пневмония болған кезде білеміз. Өкпенің сыртын қаптап тұратын плевра деген қабат және кеуде қуысының ішкі бетін қаптап тұратын қабат бар. Оның қалыпты қызметі - сұйықтық бөліп тұру. Өйткені біз демалып отырған кезде, өкпе анда-санда қозғалып тұрады ғой. Сол қозғалыста болған соң, байлап тұратын сұйықтық. Плевра қабынған кезде ауырсынуды сезіне бастаймыз. Ол жерде нерв талшықтары бар, шаншулар болуы мүмкін. Шаншу көбінесе кеуде қуысына сары су жиналғанда байқалады. Көп жағдайда невропатологқа барып, адамдар ауырсынуды басатын дәрілерді ішіп, нервтен ғой деп жүре береді. Сол себепті жыл сайын рентген өтіп тұруға тиіс. 

Фото: Pulmonologyadvisor.com

- Коронавирустан кейін өкпеңіздің қандай жағдайда екенін қалай тексере аламыз?

- Ковидтен кейін өкпеге боладысы болған соң, ең бірінші оны күтіп ұстау керек. Қаншалықты зақымданғанын білуге болатын тәсілдер бар. Егер ауаны жұтып, 40 секунд пен 60 секундтың арасында ұстап тұра алсаңыз, сіздің өкпеніңдің тыныс алу көлемі жақсы деген сөз. Егер одан кем болса, сіздің тыныс алу көлеміңіздің қысқарғанын көрсетеді. Бірақ салмағы жоғары, толық  адамдарда кеуде қуысын май басып, тар болуына байланысты да кеуде қуысы керілмейді. Өкпе толық жазыла алмайды. Сондықтан тыныс жетпей қалуы мүмкін. Яғни  минутқа дейін шыдай алмауы мүмкін. Сол себепті бұл тәсілге 100 пайыз сене алмаймыз. Рентген өткен жөн. Рентгеннен өзгерістер пайда болғаны көрінсе, дәрігердің кеңесіне жүгінуі керек.
Ковидпен ауырып болған соң, қабынған жер тыртықтана бастайды. Біздің ағзамыздың ресурсы көп. Ресурстың бәрін құртып жібермесін деп, қабынуды тоқтату үшін ағза тыртықтануды бастап кетеді. Содан фиброз басталады. Енді сол коронавирустан кейін адам дұрыс емделмесе, дәрігердің ұсыныстарын дұрыс орындамаса, фиброзды альвеолит дегенге алып келуі мүмкін. Бұл дегеніміз өзіміздің клеткалар кішкене қабынған клеткаларды тыртықтай береді. Сүйтіп бүкіл өкпені тыртықтайтын болса, өкпеге ауа өтпей, бітіп қалады.  

-    Өкпе әдетте шылым, кальян шеккенде бұзылады деп жатамыз. Бұдан да қауіпті қандай зиянды әрекеттер бар?

-    Әдетте, шылымнан көрі өкпені лас ауа құртады. Біз темекі шеккен кезде өте ыстық градустағы түтінді ішімізге жұтып, шырышты қабатты бір күйдіреміз. Сосын сол күйген шырышты қабаттың ішіне күйе жағылып қалады. Ол күйені шығару қиын. Күйе шырышты қабаттың астына кіріп, шылым шетегін адамның өкпесі қап-қара болып кететін себебі сол. Басқаша айтқанда, өкпе ысталып қалады. Осылайша, өкпе ауырлай бастайды. Өкпе күйіп, ыстала берген соң тыныс айналымы болатын қабаттар ыдырай бастайды. Кейін сол адамдар ХОБЛ деген ауруға душар болады.

Фото: Depositphotos

Қазіргі кезде темекі, кальяннан бөлек сіздің қалада не ауылда тұрғаныңызға байланысты. Үлкен мегаполистерде көлік көп, жылу электр орталықтары бар содан шыққан түтін сіз демалғанда өкпеңізге кіріп, неше түрлі ауруға шалдықтыруы мүмкін.

- Өкпеге инфекция жұқтырып алмаудың тәсілдері қандай?

- Қазіргі кезде өкпеге инфекциядан бұрын, сырттағы қара түтінмен демалған денсаулыққа аса қауіпті. Үйде ауа ылғалдандыратын құрал қолдану керек. Қазіргі күні пластикалық терезелер қойылған. Ешқандай ауа кірмейді. Сол себептен үйді желдетіп тұру керек. Сонымен бірге, бетперде киіп жүрсеңіз болады. Бетперде кию-кимеу әркімнің өз еркі. Біз тек кеңес береміз. Үйде суды тазарту үшін фильтр қоямыз. Масканың әсері дәл сондай. Ауаны фильтрден өткізген сияқты лас ауаны ұстап қалады.

Өкпені қорғау үшін бетперде киіп, таза ауаға шығып жүру, спортпен шұғылдану ұсынылады. Тыныс алу жолын осылай таза ұстай аласыз. Екіншіден, біз керілген кезде көкетті созамыз да ауаны толықтай ішке тартамыз. Сол кезде миымызға оттегі барады. Бұл сондай рефлекс, көбісі айта бермейді. Мысалы, ұйқыдан оянғанда керіліп, терең демалып, тұрып жүріп кетеді. Өзіңіз байқап көрсеңіз, керіліп демалағанда, ұйқыңыз ашылады. Миға оттегі барады. Оттегі азайғанда адамның ұйқысы келеді. Сол себепті есіней береді. Тыныс алу жолдарын осылай жақсарта аламыз.

-    Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Серіктес жаңалықтары