$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда халықаралық жүк тасымалына қатысты талаптар күшейеді

Жаңа ереже «рұқсат» қағазын алу үшін жалған компания ашатын пысықайлардың жолына тосқауыл болады

Бүгіннен бастап елімізде халықаралық жүк автотасымалына рұқсат берудің өзгертілген ережелері күшіне енеді. Бұрын электронды түрде үш құжат берілетін болса, енді құжаттар саны 12-ге дейін өсті. Мақсат – ішкі нарық пен отандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғау, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Халықаралық жүк тасымалының рұқсатын жөн-жосықсыз алып-сататындар көбейген. Ал жаңа ереже «рұқсат» қағазын алу үшін жалған компания ашатын пысықайлардың жолына тосқауыл болады. Бұдан бұрынғы «рұқсат беру» жүйесіндегі құжат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жүрген. 

Атап айтқанда, енгізілген жаңа талаптар арқылы автокөлік құралдарына рұқсат берудің нақты мерзімі белгіленді. Әрі шетелдік рұқсат құжатын алудың тәртібі айқындалды.

«Рұқсаттамаларды үшінші тұлғаларға беру, қайта сату жағдайлары анықталған кезде рұқсаттама куәлігі дереу тоқтатылады. Сондай-ақ осы құжаттарға рұқсат алуға қойылатын талаптар белгіленді. Яғни, бұрын электронды түрде 3 құжат берілетін. Қазір бұл құжаттар 12-ге дейін өсті. Біз талаптарды күшейтудің түрлі шараларын қабылдадық», - деді ҚР ИИДМ Көлік комитеті басқармасының басшысы Жасұлан Маралбаев.

Автокөлікпен халықаралық жүк тасымалдау үшін Қазақстан мен шет мемлекеттер арасында екі жақты келісім болуы тиіс. Яғни, шетелдік рұқсат куәлігі болмаса, жүк тасымалына жолдама берілмейді. Бүгінде еліміз 42 елмен келісім жасаған.

Айта кету керек, қызметтер электронды түрде көрсетіледі.

Мамандар өзгертілген ереже отандық жүк тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын айтады. Әрі «саңырауқұлақша» қаптаған жалған компаниялардың жолына тұсау болады.

Серіктес жаңалықтары