Никола Стерджен 2014 жылы елдің бірінші министрі болып сайланды
Шотландия ұлттық партиясының жетекшісі және Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен Эдинбургте асығыс шақырылған баспасөз мәслихатында отставкаға кететінін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Бірінші министр қызметінен кететінін жариялай отырып, Стерджен бұл лауазымы әлемдегі ең жақсы жұмыс болғанын және осы лауазымда ең ауыр күндерді бастан өткергенін айтты.
Оның айтуынша, бұл бір сәттік мәселелерге байланысты шешім емес, терең және ұзақ мерзімді ойланудың нәтижесі.
Никола Стерджен Шотландиядағы келесі сайлауды әлі де елдің тәуелсіздігі туралы референдум ретінде қарастыруға болады деген идеяны ұстанады.
Стерджен сонымен қатар, мұрагер мәселесін Шотландия ұлттық партиясының ұлттық атқару комитеті шешуі керек екенін айтты.
«Менің ізбасарым Шотландияны тәуелсіздікке жетелейтініне қатты сенемін», - деді Стерджен сөзінің соңында.
Тәуелсіздік үшін күресті...
Никола Стерджен он жыл бойы Шотландия мен Ұлыбритания саясатында өз орнын алды. Ол Шотландияның бірінші министрі ретінде ең ұзақ қызмет етті және 2014 жылы билікке келгеннен кейін тәуелсіздік қозғалысының синониміне айналды.
Алайда соңғы уақытта Шотландия ұлттық партиясы қиындықтарға тап болды. Жынысты тану туралы заңдарды реформалау партия ішінде де, одан тыс жерлерде де дау тудырды.
Алғаш саясатқа Никола Стерджен 1999 жылы келіп, Шотландия Парламентінің жаңа құрамына Глазгоның аймақтық депутаты ретінде сайланды. Оның үкіметтегі алғашқы ауыр сынағы 2009 жылы шошқа тұмауының эпидемиясы болды. Стерджен бірінші министрдің орынбасары және денсаулық сақтау министрі болып сайланды.
Кейін ол тәуелсіздік референдумын жоспарлауды бақылайтын министр болды.
2014 жылғы референдум сәтсіз аяқталғаннан кейін, Стерджен өзінің тәлімгері Алекс Салмондтың орнына Шотландияның бірінші министрі қызметіне келген еді.