«Вагнер» жасағының зираты болуы мүмкін: Луганск маңынан жаңа қабірлер табылды
Қала тұрғындары жерленгендердің туыстары қабір жайында білмейтінін жеткізді
Луганск маңында «Вагнер» жалдамалы әскерінің құрамында Украина аумағындағы соғысқа қатысуы мүмкін адамдардың жерленген жері табылды. Кейбір қаза тапқандардың туыстары олардың қайтыс болғанын білмеген, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
ВВС ақпарат агенттігі бірнеше ай бойы олардың тағдырын анықтауға тырысып жатыр.
Ақпан айының басында Луганск тұрғындары жергілікті зираттан 42 жаңа қабірді тапты. Зират жанында орналасқан Кировка ауылының тұрғындары қабірге ешкім бармайтынын және жерленгендердің ешқайсысы оларға таныс емес екенін айтты.
«Бізге бұл адамдардың осында жатқанын туыстары білмейтін шығар деген ой келді. Барлық қабірді суретке түсіріп, жоғалған адамдарды іздеу топтарына тарата бастадық. Менімен тоғыз адам байланысқа шықты. Олардың бәрі тіпті жақындарының қайтыс болғанын білмеген. Біз оларды өзіміз іздеп, хабар күттік», - дейді жерлеу орнын тапқан әйелдердің бірі.
Агенттік ашық дереккөздерден Луганск маңындағы қабір тақтайшасындағы жазуларға сәйкес келетін 37 ер адамға сілтеме тапқан. Олардың 35-і – орыс, біреуі Беларусь азаматы, екіншісі Өзбекстанда дүниеге келген. Ресей соттарының сайттарында Луганскіде жерленгендердің толық аты-жөні сәйкес келетін 20 адамға қатысты сот үкімдері жазылған. Олардың барлығы қазір бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүруі тиіс еді.
Сот құжаттарына сәйкес, Мирослав Зинчук өзінің алғашқы мерзімін 16 жылды ұрлық жасағаны және өзгенің денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін алған. Ол екі жылдан кейін босатылып, қайтадан ұрлық пен тонау бойынша айыпталып түрмеге түскен. Өзбекстаннан келіп суретші болып жұмыс істеген Мақсатбек Хаджиев 2021 жылы героинді заңсыз сатуға оқталғаны үшін сотталған.
Кремль тұтқындардың Украинадағы әскери қимылдарға қатысуы туралы ресми түрде түсініктеме берген жоқ. Десе де, «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрамында соғысқан кем дегенде бір тұтқынды Ресей президенті жеке өзі марапаттаған болатын.
«Қоңырау шалған соң жоғалып кетті»
Луганск маңында жерленгендердің көпшілігінің аты-жөнін әлеуметтік желілерден табуға болады. Парақшасында салған ақпараттарға сүйенсек, олардың біреуі ғана жетім болған, тағы бірнеше адам өмірінің көп бөлігін түрмеде өткізген және колониялардан тыс жерде жақын адамдары болмаған болуы мүмкін. Көбісі туыстарымен және достарымен үнемі байланыста болған.
«Ұлым екеуіміз үнемі байланыста болдық. Ол маған қыркүйектің басында Луганскіден қоңырау шалып, 1 қыркүйектен бастап «Вагнер» ПМК-мен келісімшартқа отырғанын айтты. Жалақысы маған түсіп тұру үшін менің жеке құжаттарымды сұрады», - дейді тұтқындардың бірінің анасы.
Луганск маңынан табылған жерлеу орындары – «Вагнер» жасағы құрамында соғысқан тұтқындардың қабірі табылған үшінші зират. Желтоқсанда Краснодар өңірінің Бакинская ауылында сотталғандардың 47 қабірі табылды. Екі айдың ішінде жерлеу саны алты есеге өсіп, қаңтар соңында қайтыс болған тұтқындардың қабірі 270-ке жеткен. Әрқайсында «Вагнер» жасағының жалауында кездесетін қызыл-қара-сары эмблемасы бар гүл шоқтары бар.
Ақпан айының басында Мәскеу маңындағы Фряново ауылының тұрғындары көрші ауылдан 22 қабірден тұратын жаңа зират аллеясын тапты. Әрқайсында Бакинскаядағыдай қызыл-қара-сары гүл шоғы болған.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Луганск пен Донецкке қатысты пікір білдірген болатын.
«Түрлі пікір бар, біздің қоғам ашық. Қазіргі заманғы құқық – бұл БҰҰ жарғысы. Бірақ БҰҰ-ның екі ұстанымы бір-біріне қарама қайшы келеді – бұл мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға құқығы. Егер солай болса, бұл ұстанымдар бір-біріне қарама-қайшы, түрлі түсіндірме бар», - деп атап өтті Қазақстан Прездиенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, ұлттың өз таңдауын жасау құқығы жүзеге асырылатын болса, онда жер шарында 500-600 мемлекет пайда болар еді.
«Дәл осы себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецкке де қолданылатын болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.