Қазақстан Түркияға қосымша 55 тонна гуманитарлық көмек жібереді

Azattyq Rýhy

Жүктер әуе көлігімен Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтіледі

Қазақстан Түркияға қосымша 55 тонна гуманитарлық көмек жібереді
Фотоколлаж

Қазақстан Түркияға 55 тонна гуманитарлық көмек жіберетін болды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл мәселе ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдің төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияның отырысында талқыланды. 

«Гуманитарлық көмекте жалпы салмағы шамамен 55 тонна болатын киім-кешек (жылы күртешелер мен шалбарлар), қысқы шатырлар, металл кереуеттер, төсек-орын жабдықтары және басқа да күнделікті қолданысқа қажетті заттар бар», - делінген хабарламада.

Жүктер әуе көлігімен Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтіледі.

Қазақстан ақпан айының басында болған жойқын жер сілкіністерінің салдарын жоюда Түркияға қолдау көрсетіп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апат орын алған алғашы күні-ақ Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шұғыл жәрдем ретінде 1 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған еді. Бұдан бөлек, қазір зілзала болған аймақта қазақстандық құтқарушылар да адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласында 100 қазақ үйін тігіп жатыр.

Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 35 418-ге жетті. Апат кезінде жарақат алған 13 208 адам қазіргі уақытта елдегі ауруханаларда ем қабылдап жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.