«Шұғыл комиссия Петропавлға кетті»: Көлгінов мектептердің қауіпсіздігі мәселесін көтерді
Ол атағандай, шалғайдағы аудандарда лицензиясы бар күзет қызметі жоқ деген деректер бар

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Үкімет кулуарында мектептердегі қауіпсіздік туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Петропавлдағы жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігі шұғыл комиссия құрды. Комиссия мүшелері Петропавлға кетті. Қазір олар қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр... Сондай-ақ полиция тергеу жүргізіп жатыр. Осыдан соң нақты шаралар қабылданады. Алайда бұл мектепте бейнекамералар болғанымен лицензиясы бар күзет қызметі болмаған», - дейді Көлгінов.
Ол барлық мектепте бейнекамера болуы шарт екенін айтты.
«Біз әкімдіктерге барлық мектепте бейне камералар болуға тиіс деп талап қойып отырмыз. Әсіресе қалаларда, аудан орталықтарында осы камералар полицияның Жедел басқару орталығына қосылуы шарт. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек», - деді ол.
Сондай-ақ турникеттерге де талап қойылған.
«Алайда бұл талапты барлық өңір орындамаған. Мұны айтуымыз керек. Сондықтан қазір барлық өңірдегі мектептерге және білім басқармаларына ревизия жүргізіп, бәрін стандартқа сәйкес келтіруге тиіс. Мектептегі қауіпсіздік бәрінен маңызды. Біздің мәліметке сәйкес, шалғайдағы аудандарда лицензиясы бар күзет қызметі жоқ деген деректер бар. Мектептердің 89%-ында дабыл батырмасы бар, 70%-дан астамында турникеттер мен лицензиясы бар күзет қызметімен келісімшарт жасалған. Алайда күзет қызметі жоқ мектептер де бар. Онда мектептің өзінің күзеті тұр. Бірақ біз онда лицензиясы бар күзет қызметі болуы керек деп талап қойып отырмыз. Осыған мектептер жауап беруге тиіс», - деді ол.
Айта кетейік, 13 ақпанда Петропавлдағы орта мектеп оқушысы мектепке балтамен келіп үш оқушыны жарақаттады. Қазір күдікті қамауда. Тергеу жүргізіліп жатыр.