ДДСҰ коронавирустың таралу қаупін «аса жоғары» деп бағалады
Вирусқа қарсы егілген вакцинаның алғашқы нәтижесі бірнеше аптадан соң белгілі болмақ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус ұйымның коронавирустың таралу қаупіне берілетін бағаны «аса жоғары» деп көтергенін мәлімдеді. Ол бұл мәлімдемесін 28 ақпан күні Twitter-ден тікелей көрсетілген баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Гебрейесус аталмыш ауруға қарсы егілген вакцинаның алғашқы нәтижесі бірнеше аптадан соң белгілі болатынын атап өтті. Ол сондай-ақ, қазіргі кезде әлемде 20-дан астам вакцинаның әзірленіп жатқанын, бірнеше препараттың клиникалық тексерістен өткізіле бастағанын да жеткізді.
«Бүгінде коронавирусты пандемия, яғни жаппай індет деп есептеуге болмайды. Бұл термин тек әлемдегі кез келген адам вирус жұқтыра бастаған жағдайда ғана қолданылады», – деп атап өтті ДДСҰ-ның денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райан.
Бұдан бұрын ДДСҰ ресми өкілі Тарик Язаревич коронавирус жұқтырған науқастың ауруға шалдыққан соң 20 күннен кейін толық жазылып кете алатынын мәлімдеген еді.
Айта кетсек, қытайлық Ухан қаласында коронавирустың тарала бастағаны 2019 жылдың желтоқсан айының соңында белгілі болды. Артынша бұл ауру өзге елдерге де тарай бастады. 28 ақпан күнгі мәліметке сүйенсек, аталмыш жұқпалы аурудан 2867 адам қайтыс болған. 83 376 вирус жұқтырып, 36 815 адам ауруынан айыққан.