Биыл 70 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға тұрғын үйді жалға алу ақысы төленеді

Туған-туыстың үйін жалға алуға тыйым салынады

Биыл 70 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға тұрғын үйді жалға алу ақысы төленеді
Фото ашық дереккөзден

Биыл тұрғын үйдің жалға алу ақысының 50 пацызын субсидиялаумен 70 мыңға жуық қазақстандық қамтылады. Ол үшін 50 млрд теңге бөлінбек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған бағдарламаға қатысу үшін өтінішті Otbasybank.kz платформасына жіберуге болады. Субсидиялауға өтініштер электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады. Сонымен қатар жалға берілетін тұрғын үйді азаматтар өздері іздеп, таңдауы тиіс. «Отбасы банк» тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды жалдау шартының қолданылу мерзімі мен төлемдердің кестесіне сәйкес ай сайын төлейді.

Осы орайда жалға алу төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санатқа сәйкес тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар, атап айтқанда I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көп балалы отбасылар үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткер отбасылардың кейінгі 6 айдағы орта айлық жиынтық табысының мөлшері жанұяның әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.

«Отбасы банкі» субсидия алушылардың сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, сондай-ақ ай сайын төлем тәртібін қадағалайтын болады. Өз кезегінде жергілікті әкімдіктер кемінде тоқсанына бір рет жалға берілетін тұрғын үйді тексереді. Бұл орайда жақын туыстарынан, бұрын некеде тұрған жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ аталған баспананы қайта жалдауға өткізуге тыйым салынады.

Жалға берілетін тұрғын үйге өтініш беру алгоритмдері туралы толық ақпаратпен «Отбасы банк» АҚ-ның www.hcsbk.kz сайтының «Қолжетімді баспана» бөлімінде танысуға болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.