Кейбіреудің берешегі бірнеше жылдан бері жиналған
Қостанай тұрғындарының мемлекеттік қазынаға берешегі 600 млн теңгеден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қарыз салық пен әкімшілік айыппұл, коммуналдық төлемдерден жиналған. Кейбіреудің берешегі бірнеше жылдан бері қордаланып, өсімпұлмен еселене түсті. Мемлекеттік бюджетке тиесілі ақшаны қайтару үшін прокурорлар мен сот орындаушылар ұдайы рейдке шығады. Үш жыл бойы үш көліктің салығын төлемей жүрген мүлік иесі ұсталды. Оның темір тұлпарын айыппұл тұрағына алып кетпек болғанда, бір миллион теңгедей қарызын сол бойда қолма-қол төлеп тастады.
«Бүгінде аймақтық сот орындаушылар палатасында әкімшілік айыппұлға қатысты 5 мыңнан астам іс бар. Мұндай қарыздардың жалпы сомасы 27 млн теңге. Екі күндік рейд барысында көлік иелерінен 4 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді», - деді қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Айнұр Балабаева.