$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Соңғы екі жылда коллекторлық агенттіктерге 66 млн теңге айыппұл салынған

Қазір азаматтар банктерге 13,9 трлн теңге берешек

Соңғы екі жылда коллекторлық агенттіктерге 66 млн теңге айыппұл салынған
Фото ашық дереккөзден

Коллекторларға жазаны күшейту бастамасы дау тудырып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз өндірушілерге салынатын айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді көздеп отыр. Өйткені оларға шағымданушылар артқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Борышкерді жерден алып, жерге салып жатқан коллекторлық компания қызметкері. Ер адамның намысына тиіп, балағаттап, қысым жасау арқылы берешекті өндірмек ойда. Коллекторларға талап күшейтілсе де, клиенттермен осылай сөйлесетіндер азаймай тұр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше соңғы екі жылда мыңға жуық арыз түскен.

 «Барлық дерлік шағымдар бойынша құжаттамалық тексерулер жүргізілді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде коллекторлық агенттіктерге екі жыл ішінде шамамен 66 млн теңгеге айыппұл салынды», - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің басшысы Сарбиназ Жарасова.

Айыппұл салынғанымен айылын жимай тұр. Енді агенттік жазаны тағы күшейтуді көздеп отыр. Яғни коллекторлық этиканы бұзып немесе сот орындаушы, тергеуші болып өтірік қорқытқандарға айыппұл екі есе көбеймек. Қазір тиісті норма дайын.

Оған сай коллекторларға 50-150 АЕК емес, 300 АЕК, яғни миллион теңгеден аса айыппұл салынуы мүмкін.

Ал Ұлттық коллекторлар палатасындағылар айыппұлдың көтерілуіне әрине қарсы. Айтуларынша билік мәселенің салдарымен емес, себебін күресуі керек. Яғни жазаны күшейтпей, халықтың табысын арттырып, қарыздан құтылуға жағдай жасауы керек деген пікірде. Оның үстіне коллекторлардың әр сөзін аңду, қарызын әдейі төлемей жүргендерді тайраңдатып қоюы мүмкін.

 «Ондай дәлелдер өте көп. Коллекторлық агенттік ақшаңызды қайтарыңыз, сотқа дейін реттейік, сізге көмектесеміз десе, өзі провакация тудырып, сен кімсің деп дөрекі сөйлеп, әйтеуір төлемеудің жолын іздеп, бір жерге арыздану керек. Әйтпесе коллекторлар тек сотқа дейінгі реттеумен, графикті жасап бөлік төлеуге көмектеседі», - деді Ұлттық коллекторлар палатасының төрайымы Назгүл Естеусізова.

Тағы бір маңызды жайт. Коллекторлар тек таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін аптасына үш рет қана қоңырау шалуы тиіс. Қазір азаматтар банктерге 13,9 трлн теңге берешек. Оның 797 миллиарды коллекторлық компанияларға өтіп кеткен. Бұл несиені өндіру кезінде коллекторлар шектен шықса арыздануға болады. Бірақ бұл қарыздан құтқармайды. Кредит қайтуы керек. Өйткені алмақтың да салмағы бар.

Серіктес жаңалықтары