Ақтөбе облысындағы Алға қаласы мен жеті ауыл жарықсыз қалды
Аудандағы электр орталығы өртеніп, бір трансформатор толық істен шықты
Ақтөбе облысындағы Алға қаласы мен жеті ауыл жарықсыз қалды. Аудандағы электр орталығы өртеніп, бір трансформатор толық істен шықты. Жарыққа жауапты мамандар станцияны ыстан тазартып, сақтық қорында тұрған қос қондырғыны іске қосып жатыр, деп хабарлады Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
«Ақтөбеден бүкіл бригада келіп, өрт сөндіру қызметін шақырды. Жұмыс түске дейін жүргізілді. Қазір қорда үш трансформатор – 3Т, 4Т. Үш пен екісі істен шықты. Үш пен төртіншісі сақтық қорында. Соны іске қосып жатыр», - деді «Энергосистема» ЖШС бас инженері Әнуарбек Алмағанбетов.
От электр бекетіндегі трасформатордан тұтаныпты. Оны дереу сөндіргенімен, Алға ауданын жарықпен қамтып отырған қондырғылар істен шыққан. Соның кесірінен 7 мыңға жуық нысан жарықсыз қалды. Оның ішінде 100-ге жуық көпқабатты үй бар.
Аудан орталығындағы осы көпқабатты үйлерде электрден бөлек, су да болмай қалды. Себебі су тартатын сорғылар электр қуатымен жұмыс істейді. Жарық болмаған соң балабақшалар да жабылды. Мектептерде үшінші сабақтан соң оқушылар үйіне қайтарылған. Қазір электр желілерін кезекпен қосып жатыр.
«Балабақшаны таратуды жөн деп шештік. Себебі бүлдіршіндердің түскі асы бар. Су болмай қалу себебі, су қорын беретін бар жүйе электр желісіне байланысты болып отыр», - деді Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов.