Түркиядағы қазақстандықтар зардап шеккендерге 34 млн теңге жинады
Жиналған қаржыға азық-түлік пен қажетті заттар сатып алынды

Түркияда тұратын қазақстандықтар жойқын зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 25 млн теңгеден астам қаражат жинады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біз кеше ақша жинауды бастадық. Түнге дейін 25 млн теңге жиналды. Бірден супермаркетке барып, осы қаражатқа азық-түлік пен қажетті заттарды сатып алдық. Бәрін жүк көлігіне тиеп, Кахраманмараш қаласына жібердік. Қаражат жинау дереу жабылды. Алайда бей-жай қарамайтын азаматтар қаражат жіберуін тоқтатпады. Осылайша, тағы 9 млн теңге жиналды. Оған балалар тамағын сатып алуды жоспарлап отырмыз», - деді «Шаңырақ» мейрамханасының иесі Данияр Иманбеков.
Бұл көмекті ұйымдастыруды белгілі айтыскер-ақын Айнұр Тұрсынбаева ұсынған. Оларға Стамбулдағы ҚР Бас консулдығының қызметкерлері де көмектескен.
Тақырыпқа орай: Қазақстандық құтқарушылар үйінді астында қалған адамды аман алып шықты
Айта кетсек, Мемлдекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларының екі тобы жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға аттанды.
Қазақстан Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар береді.
Соңғы мәліметтер бойынша, елде зілзаладан қаза тапқандар саны 7 108-ге, жараланғандар 40 910-ға жетті.