Димаш Құдайберген Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қаржылай көмектеспек

Автор: Мира Байбек

Ол бауырлас елдегі қайғылы жағдайға қайғыра көңіл айтты

Видеодан кадр

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Stranger әлемдік турне-концертінің билеттерінен түскен қаржының бір бөлігін Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қазақ халқына бауырлас, ағайын саналатын Түркияда, сондай-ақ Сирияда табиғат залалынан көз жұмғандар саны бірнеше мыңнан асып кетті деген хабарды зор күйзеліспен қабылдаймыз. Барлық қаза тапқандардың отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Ауыр күй кешіп жатқан бауырларымызға тезірек сауығып кетуді тілейміз», - деді әнші желідегі парақшасында.

Ол зілзаладан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді.

«Осы тұста әлем бойынша ұйымдастырылып жатқан Stranger жеке кештерімнен түскен қаражаттың бір бөлігін зардап шеккен отбасыларға аударатынымды айтқым келеді. Командама тапсырма бердім. Толық ақпаратты DimashNews сайтынан бақылап отырсаңыздар болады. Әр отбасына амандық тілеймін! Әлем атты ортақ үйіміз апат пен зілзаладан аман болсын! Елімізде, әлемде тыныштық, бейбіт заман болсын. Әлемдегі барлық халық бақытты болсын!» – деді Димаш Құдайберген.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3381 адамға жеткен.

Қазақстандық құтқару ұшағы Түркияға шамамен 5 сағат 40 минуттан соң қонады. Құтқарушыларды Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкерлері қарсы алады. Олар алдағы жұмыс барысын анықтауға көмектеседі.

Еске салайық, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясының Пазарджик аймағында 7,4 балдық жер сілкінісі болды.

Ел президенті Режеп Тайып Ердоған жер сілкінісіне байланысты Түркияда жалпыұлттық аза тұту күндерін жариялады.

Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқан және зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ.

Тақырыпқа орай: «Көпқабатты ғимараттардың 35% жарамсыз»: Сейсмология институты Алматының жер сілкінісіне төзімділігі туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға елдің оңтүстік-шығысында көптеген құрбан болғанына байланысты көңіл айтты. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, көмек көрсету үшін Қазақстаннан Түркияға 41 адам ұшып шықты.

Сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ел азаматтарын жер сілкінісі болған жерден шығаруға қатысты үндеу жасап, елге қайтқысы келген отандастарымызды байланысқа шығуға шақырды.