Синоптиктер бірнеше өңірде дауылды ескерту жариялады
Қазгидромет синоптиктерінің болжамынша еліміздің басым бөлігінде тұман түсіп, көктайғақ болады
Еліміздің синоптиктері бірнеше өңірде дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылорда облысының оңтүстігінде, батысы мен орталығында көктайғақ сақталады, тұман болады.
Ақмола облысының солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі.
Алматы облысының таулы және тау етегіндегі аудандарда тұман, көктайғақ болжанады. Жел батыс бағыттан шығыс бағытқа ауысады, облыстың батысында және шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды.
Алматы қаласында түнде және таңертең тұман, көктайғақ күтіледі.
Маңғыстау облысының шығысында бұрқасын болады. Өңірдің батысында, шығысы мен орталығында көктайғақ күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с құрайды.
Ұлытау облысының басым бөлігінде жаяу бұрқасын күтіледі.
Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың оңтүстік-шығысында тұман, көктайғақ болжанады.
Түнде және таңертең Батыс Қазақстан облысының батысын тұман басады.
Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, батысы мен шығысында тұман күтіледі.
Сондай-ақ 4-10 ақпан аралығында Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында жаңбыр және жылбысқы қар түріндегі қатты жауын-шашын болжанады. Ауа температурасы жоғарылайды. Осыған байланысты қар жылдам еріп, тау беткейлерінен тасқын су ағады, өзен-көлдерде мұз әлсірейді, су деңгейі көтеріледі. Бұл ретте су арнадан асып, тасқын су жайылуы ықтимал.